Ұлттық сананы заман ағымымен жарыстыра жаңғырта білу – бәрімізге бірдей жүктелген міндет. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бәсекелік қабілет туралы бағыт айқын айтылған. Соны жүзеге асыру барысында елімізде жас ғалымдардың ғылыми жетістіктері де жетіп артылады. Олардың мақсаты озық, дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруге өз үлестерін қосып, инновациялық технология арқылы мәдени құндылықтарды дәріптеу. Шыныменде, мұндай таланттылар ой жүйріктерін жаһандық технологиямен жарыстарып жүрген жандар.
Иә, біз тілге тиек етіп отырған өнертапқыштар – ауданымыздағы Сулеймен Демирел университетінің түлектері. Қазіргі таңда олар сол білім ордасындағы «Sana Academy» атты IT саласында жұмыс атқаратын кешенді мектептің мамандары болып қызмет етуде. Өздері командалық ұжым болып қалыптасқан төрт жігіттің әрқайсысы өз ісінің шеберлері екенін танытып та үлгерді. Олардың бірі – осы мектепті қалыптастырып, онымен қоса, жобаның жетекшілік міндетін де атқарып жүр. Ал, қасындағы жас біліктілер өздеріне жүктелген жұмысты жауапты орындап жүрген жандар. Енді осы азаматтардың елімізде басқа баламасы жоқ отандық өнімдеріне кеңінен тоқтала кетсек.
4D кеңістіктегі озық технологиялар – шынайы ғаламды көрсететін таңғажайып туындылар. Дамыған мемлекеттерде бұған сұраныс өте жоғары. Ал біздің елде енді қолданысқа еніп келе жатыр. Осы бір технологияны жетік меңгерген – «Sana Academy» мектебінің жігіттері. Олар Zhanuar 4D мен Baqsha 4D виртуалды карталарын ойлап тапты. Бір қызығы бұл карталар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлейтіндей етіп құрастырылған. Оларды пайдалану үшін аса бір артық жұмысты да қажет етпейді. Бәріміз күнделікті өмірде қолданып жүрген смартфон телефондарымызға «Playmarket» немесе «Appstore» бағдарламасы арқылы мобильді қосымшасын жүктесеңіз жеткілікті. Соның арнайы камерасына виртуалды картаны жақындатсақ, ондағы жануарлар мен жеміс-жидектерге жан біткендей, шынайы өмірдегідей көріністерді көреміз. Мәселен, Zhanuar 4D қосымшасында жануарлар тірілгендей бейне көрсетеді, онымен қоса үш тілде атауы айтылып, шынайы іс-қимылдарымен ерекшеленеді. Ал, Baqsha 4D қосымшасы көкөністерді жаңа піскендей етіп бейнелеп қана қоймай, ол да үш тілде сипатталып, қалай аршылып, кесілу көріністерін ұсына алады.
Иә, шыныменде өте таңғажайып өнім деп айтуға болады. Жоба авторларының айтуынша, басты мақсат балалардың ой-өрісін жан-жақты дамытып, шығармашылық қиялдарын кеңейту. Одан бөлек, егер бала мұндай дүниелер арқылы жануарларды, өсімдіктерді шынайы көріністе көріп үйренсе, өсе келе, сана сезімі жетіле оларға деген жақындығы арта түсіп, кейбір жануарларға деген қорқыныш сезімін жеңуге септігі мол екендігін айтады. Сондай-ақ, жас мамандар бұл виртуалды карталарды құрастыруға алты айға жуық уақыт жұмсаған екен. Келешекте «Sana Academy» ұжымы бұл жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, бірнеше 4D өнімді жобаларды іске асырсақ деген ойлары бар. Солардың бірі – латын әліпбиін жаттауға қолайлы дүние жасап шығару. Оған қоса, кейбір ерекшеліктерін де атап өтті. Мысалға, жас ұрпаққа латын әліпбиін жаттатып қана қоймай, ғұлама, ойшыл, даналардың туындыларын дыбыстық жүйе арқылы оқып, жаттау сияқты артықшылықтарды ойластыруда. Жас мамандардың бұл жоспарлы жаңалықтарынан бөлек тағы бір ерекше тың дүниелері халық назарына ұсынылмақ. Ол отандық туризмді насихаттау мақсатында жасалынатын «Виртуалды қазақ үй» жобасы. Оның басты құндылығы – XVII-XVIII ғасырдағы халықтардың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен тамашалай алуы. Яғни, VR көзілдірігі арқылы киіз үйдің ішіне еніп, сол дәуірдің өмір сүру кезеңін шынайы түрде елестете алу. Мұндағы, VR көзілдірігі – осы жобаның басты құралы іспеттес. Оның қызметі – көріністі 360º кеңістікте көрсету.
Дидар МУХАМАДИЕВ.
Суретте (солдан оңға қарай): Арман Усупов – 2D, 3D аниматоры, Нұрсұлтан Әжімұратов – жоба жетекшісі, Бахытжан Шабдукаримов – 3D моделдеуші, Нұрбек Молдағалиев – IT құрастырушы.