Ауданымызға қарасты Шамалған, Жандосов, Арай сияқты тағы да бірқатар ауылдар мен саяжай тұрғындарын соңғы бірнеше жылдар бойы мазалаған басты мәселелердің бірі – көгілдір отынның сапасы мен қызмет көрсету құнының қымбаттауы. Бұл проблема осы уақытқа дейін аудандық, облыстық дәрежеде бірнеше рет көтерілген еді. Алайда аудан тұрғындарын мазалаған күрделі мәселе әлі күнге дейін өз шешімін таппады. «Сигма-газ» компаниясы тарапынан көрсетілетін төмен дәрежедегі қызметтен әбден шаршаған халық дүйсенбі күні «Сигма, кет» деген ұранмен Шамалған ауылдық округі әкімдігінің алдына жиналып, өздерінің наразылығын білдірді.
Тұрғындардың айтуынша, бүгінде олар «Сигма-газ» ЖШС-на көгілдір отынның бір текше метрі үшін 34 теңге 75 тиын төлеуде, ал бұл ауданымызға қарасты өзге округтер мен ауылдар төлейтін тарифтерден 5-6 теңгеге қымбат. Оның үстіне соңғы кездері газ бағасы аспандап кеткен. Мәселен, тұрғындар желтоқсан айында газ үшін 10-15 мың теңге төлесе, қаңтар айында ол баға екі есеге өскен. Бұған қоса, үйіне газ тартып алу үшін кейбіреулері 400-700 мың теңге төлеген. Шамалғаннан өзге Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек ауылдары мен Дархан саяжайында да осындай жағдай.
– «Сигма компаниясы соңғы екі жылда он теңгеге қымбаттатты. Газ қысымы өте төмен. Аязды күндері төрт күн жылусыз қалдық. Газды тоқтатып тастады. Тіпті, бағасына көз жұма салайық десек те компания тарапынан көрсетілетін қызмет сапасы өте төмен. Біріншіден, газ таратылатын құбырларды орталық көшелерге орнату үшін біз ақша жинадық, ал оны компания өзі істеу керек еді. Екіншіден, орталық көшелерден үйлерімізге тартылған құбырлардың сапасы өте төмен, арнайы бояумен де боялмаған. Үшіншіден, берілген көгілдір отын таза емес, газға бірнәрсе қойсаң ыдыстың асты қап-қара болып кетеді, – дейді ереуілге келген тұрғындар.
Үлкен мәселе көтеріп келген қарасайлықтармен аудан әкімі Жасұлан Естенов, жергілікті әкімдік өкілдері, аталмыш компанияның директоры Василий Прокофьев кездесті. Жергілікті әкімдік алдынан басталып, кейін ауылдық Мәдениет үйінің ғимаратында жалғасқан наразылық шарасы кезінде компанияның директоры қазіргі тарифті монополияға қарсы мекеме бекіткенін түсіндірді. Айтуынша, баға жазда өскен. Бірақ күн жылыда шығын аз болғандықтан, айырмашылық сезілмеген.
Бағаны қымбаттатып отырған «Сигма-газ» компаниясынан бас тартып, басқа компанияға көшіруді сұраған тұрғындардың талабын тыңдаған аудан басшысы халыққа көгілдір отынның тарифы заңды түрде Табиғи монополияларды реттеу комитетімен белгіленгендіктен, қазіргі уақытта аталған компанияны алып тастай алмайтындығын және де бұл мәселе 5-7 күннің ішінде шешілетін іс емес екенін түсіндірді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік өкілдерінен, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мүшелерінен тұратын, сондай-ақ оның құрамында «Сигма-газ» ЖШС-нан газ алатын ауылдардың бір азаматы бар арнайы комиссия құрып, тексеріс жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Соның барысында компания тарапынан құқықбұзушылықтар табылатын болса, оларға заңды түрде шара қолданылатын болады.
Жиын соңында аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы тұрғындарға қаңтар айының 25-і күні тағы бір рет жиын өткізіп, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылғандығын мәлімдейтіндігін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.