Жаңа жылдың қарсаңында аудандағы ірі сауда кешендердің бірі саналатын «Mall Aport» ойын-сауық сауда орталығында балаларға арналған Қарасай ауданы әкімінің жаңажылдық шырша кеші ұйымдастырылды. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін көңілді басқосуға аудан бойынша әр мектептен оқушылар қатысты.
Шырша кешінде алдымен «Қалбибі» өнер студиясының жас өнерпаздары ән шырқады. Одан кейін Қарасай ауданы әкімінің аппарат басшысы Данияр Мантаев балалардың қуанышына ортақтасып, сөз сөйледі. Ізгі тілек барысында ол аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының құттықтау сәлемін жеткізіп, ата-аналарға, ұстаздарға және бүлдіршіндерге жүрекжарды ақ тілегін арнады.
Данияр Ерлікұлы ізгі ниетін білдірген соң, шырша мерекесіне арнайы шақырылған балаларға сый-сияпаттар тапсырып, олармен естелік суретке түсті.
Ал жаңа жылдық салтанатты шарада бүлдіршіндерді әдеттегідей Аяз ата мен Ақшақар да құттықтады. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлері көңілді көріністер қойып, балалардың көңіл-күйлерін шаттыққа бөледі.
Айта кетейік, оқушыларға үлестірілген мерекелік сыйлықтар 100 балаға берілді. Сый-сияпаттың ішінде тәттілерден бөлек 30 000 теңге көлемінде киім алуға берілетін арнайы сертификаттар бар. Ал мұндай сыйлықтарға «Алсад Казахстан», «Алатау прогресс КЗ», «Kelun-Kazpharm», «RG Brands Kazakhstan», «Маолин», «Азия Агрофуд» сияқты компаниялар демеушілік танытқанын айта кету керек.
Мерекелік кештен кейін балалар «Mall Aport» ойын-сауық сауда орталығында арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, «Funky Town» ойын алаңында көңіл көтерді.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
