Наурыз мейрамының қарсаңында Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев өз атынан екі мүмкіндігі шектеулі жанға жақсы сый жасады.
…Қаскелең қаласының тұрғындары Ботагөз Өтебаева мен Маржан Сәбиттің осыдан бір жыл бұрын жол-көлік апатынан алған соққы денсаулықтарына зардыбын тигізіп, қазіргі таңда олар бірінші топтағы мүгедек жандардың қатарында. Соңғы бес айдан бері Маржан мен Ботагөз «Алтын ауыл» ықшам ауданында Асылбек Жалдыбаев ашқан «Күш-қуат» оңалту орталығында емделуде. Адам ағзасының әрбір дене мүшесіне, бұлшық еттерінің қимыл қозғалысына лайықталып, ойластырылып жасалған жаттығу құрылғылардың арқасында олардың денсаулығы реттеліп келеді. Дегенмен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан екеуінің бүгінде бұл орталыққа күнделікті қатынауы, оның ішінде қозғалып-қимылдауына қолдарында мүгедектер арбасының болмауы қиынға түсіп жүр. Осыны естіп, бұл мәселені басты назарға алған Асқар Өкенұлы Ботагөз бен Маржан ем қабылдап, жаттығу бағдарламаларын жасайтын орталыққа арнайы барып мүгедектерге арналған арбаны табыс етті.
– Мұқтаж жандарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да айтарлықтай әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Дегенмен, сіздердің жағдайларыңызды естігеннен кейін, бей-жай қарай алмадым. Денсаулықтарыңыз оңалып, алып жатқан емдеріңіз шипа болуына тілектеспін.
Сондай-ақ, қала басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды демеп отырған Асылбекпен танысып, орталықтың жай-күйіне қанық болды. Қазіргі таңда онда бес адам тұрақты түрде емдік курстан өтіп жатыр екен.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Суретте: Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев «Күш-қуат» оңалту орталығының басшысы Асылбек Жалдыбаевпен.