Сөзге салмақты, қиындыққа төзімді, ісіне жауапты, еңбекқор, қайсар мінезді жан! Айналасы мен әріптестерінің ортасында осындай қасиеттерімен белгілі Айнаш Молдахметова – өз кәсібилігімен және табандылығымен туған жерінің дамуына баға жетпес үлес қосып келе жатқан жандардың бірі. Адалдықты жанына серік еткен нәзікжанды тоғыз жылға жуық Жамбыл ауылдық округіне қарасты Батан ауылындағы «Нурдим» электрқұрылғыларын өндіретін кәсіпорнында еңбек етіп келеді.
Кейіпкеріміздің еңбек жолын жазбас бұрын, өмірі жайлы айта кетейік. Ол 1968 жылы 11 маусымда Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Өзінің ауылындағы орта мектептің қабырғасында білім алып, оны 1985 жылы тәмамдаған. Білім ошағында жүргенде ұстаздарына қарап, оларды үлгі еткен жас жеткіншек әу бастан ұстаз болуды мақсат еткен.
Сол межесіне адал болып, мектепті аяқтаған соң арман жетегімен аудан орталығы Қаскелең қаласындағы «Қаскелең педагогикалық училищеге» оқуға түсіп, 1988 жылы жас маман иесі атанды.
Алғашқы еңбек жолын мамандығы бойынша балабақша тәрбиеші болып бастады. Жастайынан еңбекке ерте араласып, тіршілікте тек өзінің адал еңбек, маңдай теріне ғана сүйенген Айнаш әпкеміз жас болса да өзіне жүктелген жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, оны жоғары деңгейде атқаруға тырысқан. Бүлдіршіндермен тез тіл табысып, бар білгенін үйретіп, олардың өнегелі де тәрбиелі болып өсуіне бар күшін салған. Алты жылға жуық жас балаларға тәрбие берумен айналысты.
Адам өмірінің бір асуы – қыз бала үшін тұрмыс құрып, бақытын табу болса, Айнаш тәтеміздің де өмірлік серігі кездесіп, 1992 жылы ұнатқан адамымен шаңырақ көтерді. Тұрмыс құрғаннан кейін бала тәрбиесіне мән беріп, отбасылық күйбен тіршілікпен айналысып, біраз уақыт жұмысынан алшақтап қалды.
Алайда өмір болған соң, тіршілік қамы үшін еңбек етуге тура келеді. Сондықтан 1996 жылы күйеуіне қолғабыс ету үшін Айнаш әпкеміз жұмысқа шығуға бел буып, көршілес жатқан Іле ауданында орналасқан картон шығаратын зауытқа жұмысқа орналасты. Онда алты жылға жуық еңбек етіп, 2002 жылы өзі туып-өскен ауылындағы тігін цехына тігінші болып кірді. 2007 жылы тігін цехының жабылуына байланысты ауданға қарасты Абай ауылында орналасқан картон зауытына жұмысқа орналасқан.
– Әрине, балабақшадағы тәрбиешілік, одан соң үй шаруасындағы әйелдің өмірінен кейін жұмысқа шығу оңай болмады. Әсіресе, зауыт пен цехтағы жұмыс істеп тұрған үлкен жабдықтарға бұрын соңды көрмегендіктен, үйренісу қиындық тудырды. Жұмысымның алғашқы айларын ешқашан ұмытпайтын шығармын.
Алайда сол кездердегі қажеттілік, жұмысқа деген ынта мен айналамдағы адамдар барлық қиындықтарды сәтті жеңуге көмектесті. Ал уақыт өте келе өмірлік, кәсіби тәжірибе жинақтаған соң, қорқу, қобалжу деген ақырындап кете бастайды екен, – деп кейіпкеріміз сол кездердегі естелігімен бөлісті.
Араға бес жыл салып, 2017 жылы Айнаш әпкеміз Батан ауылындағы «Нурдим» электрқұрылғыларын өндіретін кәсіпорнына жұмысқа кіріп, күні бүгінге дейін осы салада абыройлы еңбек етіп келеді. Өндірісте жиналған мол тәжірибе, біліктілік пен білім үйлесімділігі, адамдармен жұмыс істей білу қабілетінің арқасында қазіргі уақытта бір ауысымның аға бригадирі болып отыр.
Көп жыл өтсе де нәзікжанды өз ісіне әлі де аса жауапкершілікпен қарап келеді. Қазіргі таңда ол өзінің көп жылдық тәжірибесімен өзгелермен бөліседі. Жұмысқа енді орналасқан жастарға жұмыс барысын үйретіп, оларға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруде.
– Зауыттағы жұмысты өте оңай дей алмаймын. Бұл, тіпті әйелдің ісі емес шығар. Бірақ мұнда әйел адамдар өте көп. Біздің міндетіміз –электрқұрылғыларын жинақтап, тұтынушыларды дайын өніммен қамтамасыз ету. Ал менің міндетім – қол астымдағы 25 адамның жұмысын бақылап, бір ауысымның аға бригадирі ретінде жаңадан келгендерге көмектесу.
Қазір ұжымымыз жақсы. Іштерінде ең көп жұмыс істеп келе жатқандардың бірі мен шығармын. Қанша дегенмен, сегіз жыл аз уақыт емес қой, – дейді ол.
Айнаш Сейдалбекқызы бүгінде өз ісінің маманы, ашық мінезді, жарқын жүзді, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, жауапкершілігі мол, адамдармен тез тіл табыса білетін, еңбекқор жан. Көп жылдық еңбегінің арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымында зор беделге ие. «Нурдим» серіктестігінің басшылығы да оның табандылығын ерекше бағалайды. Соған сәйкес көп жылдық еңбек өтілінде түрлі марапаттармен құрметке бөлеген.
Өмір жолында біраз қиындықтар көрсе де берілмей, тек алдыға ұмтылған Айнаш әпкеміз үшін әрдайым адал жолмен, маңдай термен тапқан еңбек қымбат. Осы күнге дейін тәуба етіп, әр атқан таңға ризашылығын білдіріп келеді.
– Мен әрбір адамға, әсіресе өсіп келе жатқан жастарымызға шыдамдылық тілегім келеді. Өзімнің жүріп өткен жолыма айналып қарағанда түсінгенім бастысы берілмеу керек екен. Себебі бұл өмірде жеңіс пен жеңіліс әрқашан қатар жүреді ғой. Басқа түскен сынақтан шыдамдылықпен өтсек, шыңдала түсеміз.
Бүгінгі өміріме ризамын. Қиындықтарға қарамастан, бүгінгі күнге жеттім. Балаларымды өсіріп, жеткіздім. Қазіргі уақытта немерелерімнің қызығын көріп отырмын, – деді әңгіме соңында Айнаш Молдахметова.
Жұмысында сыйлы Айнаш Сейдалбекқызы отбасында бақытты ана. Осы уақытқа дейін аянбай тер төгіп, қажырлы еңбек етіп, төрт баланы өсіріп, тәрбиелеген қайсар жан. Олардың барлығы – бүгінде өмірде өз жолдарын тауып, қоғамға адал қызмет етіп жүрген жастар.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.