Мынау жарық дүниеде ұстаз еңбегіне жетер, тең келер ештеңе жоқ?! Ұстаз ісі – мәртебелі іс. Мұғалім – биік тұлға. Адам жанын жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін, баулитын асқақ мамандық. Міне, күндер заулап, айлар жылжып ұстаздардың тағы бір төл мерекесі келіп жетті.
К. Нұрпейісов атындағы мектеп-лицейде «Ұлағат» атты шығармашылық топ жұмыс істейді. Бұл мұғалімдерге әдістемелік көмек беру үшін құрылған. Топ құрамында орыс тілі пәнінің мұғалімі Аида Қоқымбаева, бастауыш сынып мұғалімі Әсемгүл Байдәулетова, математика пәнінің мұғалімі А. Ұнасбаева, физика пәнінің мұғалімі Айнагүл Сәрсенбаева, биология пәнінің мұғалімі Базаркүл Диқанбаева, бастауыш сынып мұғалімі Самал Салимжанова, тарих пәнінің мұғалімі А. Шыңғысова, қазақ тілі мен топтың жетекшісі, әдебиеті пәнінің мұғалімі Іңкәр Қуанышбекқызы бар. К.Нұрпейісов атындағы мектеп-лицей директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлнара Жаңабатырованың тікелей назарындағы «Ұлағат» шығармашылық тобы жүйелі түрде жұмыс істейді. Жоспар бойынша жас мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетілуде.
Атап айтқанда, «LessonStudy» жүргізудің білім сапасын арттырудағы рөлі қандай?» атты тақырыбында мектепте «LessonStudy» сабақты зерттеу әдісі қазақ әдебиеті сабағы жүргізілді. Сабақты зерттеу тобы құрылып, аталған сыныпты 3 топқа бөлу арқылы зерделенді. «LessonStudy» -дің 2 циклы өткізілді. Күзгі каникул кезінде ынтымақтастық атмосферасын орнату арқылы бірлескен іс-әрекетті тиімді ұйымдастыруға бағытталған магниттік мектептер іс-шара жоспары аудан көлемінде жүзеге асырылған. Магниттік мектептерге Бестөбе, Талды, Ниязбеков және Қарқара мектептері кіреді. Отырыс барысында жаңадан қатарларына қосылған мектептерге жылдық жұмыс жоспары мен былтырғы оқу жылындағы атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер берілген. Жаңадан қосылған Ниязбеков және Талды мектептері ұстаздарынан сауалнама алынып, қажеттілік деңгейі анықталған. Осындай отырыста Талды орталау мектебінің ұстаздары әдістемелік күн өткізу туралы ұсыныстарын айтты. Мектеп ұстаздарының толық қатысуымен өткен басқосуда шығармашылық топ мүшелері І. Қуанышбекқызы, А. Қоқымбаева, А. Сәрсенбаевалар «Сабақтағы әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланудың білім саласындағы олқылықтарды жоюдағы рөлі» атты тақырыпта вебинар өткізді. Оның барысында жаңа белсенді әдіс-тәсілдер көрсетілді. Соның көмегімен пайдаланудың тиімділігі талқыланды. Сонымен қатар «Білім сапасындағы олқылықтарды анықтау және оны жою жолдары» атты тақырыпта вебинар өткізілген. Вебинар барысында математика, бастауыш сынып, тарих пәндері бойынша білімдегі олқылықты анықтау және жұмыс істеу жолдары туралы іс-тәжірибелер бөлісті. Білімдегі олқылық – күн тәртібіндегі бірінші мәселе болғандықтан вебинардың маңыздылығы ерекше болды деуге болады. Аталған шарада оқушылардың үлгерім деңгейіне байланысты бастауыш сыныптағы, математика және тарих пәнінен оқушылармен жүргізілетін әдіс-тәсілдердің тиімділігі талқыланды. Аталған іс-шараның мұғалімдер шығармашылығын арттырудағы рөлі өте маңызды. Онда мектеп директорының әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Г. Жаңабатырова сөз бастап, бағдарлама мазмұнына сәйкес ашық сабақтар мен мектеп мұғалімдерімен коучинг-сабақ тақырыптары туралы, әдістемелік күннің өткізілу мақсатымен таныстырды. А.Қоқымбаева орыс тілі пәнінен 5 сыныпта «Чем пахнут ремесла» атты тақырыпта, А.Ұнасбаева математика пәні бойынша 5 сыныпта «Жай бөлшектерді және аралас сандарды көбейту. Өзара жай сандар» тақырыбында, Б.Диқанбаева жаратылыстану пәні бойынша 6 сыныпта «Тұрмыстық химия өнімдері» атты тақырыпта ашық сабақтар өткізді. Ашық сабақтар өте жоғары деңгейде өткізілді. Мектеп мұғалімдері әдіс-тәсілдердің өзгешелігі мен ерекшелігін атап айтып, лайықты алғыстарын білдірді.
Шығармашылық топ жетекшісі І.Қуанышбекқызы «Сабақтағы оқу мақсатына жету жолдары» атты тақырыпта мектеп мұғалімдерімен коучинг-сабақ өткізді. Коучинг сабақтың мақсаты – оқу мақсатына жетуде сабақтың мақсаты мен бағалау критерийін құрастыра білу, нәтижеге жету жолдарын қарастыру, оны оқу үдерісін жетілдіруде қолдану тиімділігін зерделеу және оқу мақсатына жету жолдарын саралау. Коучинг барысында «Сәйкестік» тренингі, «Постер» әдісі жүргізіліп, сергіту сәтінде «Мен ақылдымын» атты ойыны ойналды. Кері байланыс «Маңыздылық аймағы» әдісі арқылы жүзеге асырылды. Рефлекция «Екі дұрыс, бір бұрыс» әдісімен жүзеге асырылып отырылды.
Топтың ұйымдастыруымен мектепте «Белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану – сапалы білім кепілі» атты тақырыпта аудандық семинар өткізілді. Семинарда тақырыбына сәйкес теориялық және практикалық жұмыстар жүргізілді. Семинар қорытындысымен жағымды кері байланыстар орнатылды. Оқу жылы аясында топ мүшелері Алматы облысының жетекші мектептерінде өткен облыстық семинарларға қатысты. Қонаев қаласында өткен Алматы облысы жетекші мектептерінің облыстық семинарына І.Қуанышбекқызы мен Қ.Алимбаевалар қатысты. Аталған семинардан топ мүшелерінің алғаны көп болды. Семинар барысында кіріктірілген сабақтар өткізіліп, тәрбие бағытында сыныптан тыс шаралары көрсетілген. Мектептегі бақылау-басшылық жұмыстарын тиімді жүргізу туралы әдістемелік тәжірибе алаңы болды. Мектептегі пәндер бірлестіктері өздеріне берілген «Lesson study» зерттеу сабағы бойынша өз есептерін берді. Олар Бастауыш, Тілдер бірлестіктері болды. Бұл зерттеу әдісінің оқу процесіндегі тиімді жақтары көп екендігіне көз жеткізілді.
Жалпы, мектептегі «Ұлағат» атты шығармашылық топ үлкен жұмыстар жүргізіп келеді. Олардың ізденісті еңбектері өзгелерге үлгі боларлық. Бүгінгі уақыт – ізденіс пен еңбектің уақыты. Бүгінгі күн – жаңа технологияларға негізделген істердің күні. Жас ұрпаққа өскелең уақыт талабына сай білім мен тәрбие беру – аса маңызды. Ендеше, К. Нұрпейісов атындағы мектеп-лицейдегі «Ұлағат» атты шығармашылық тобының жұмысы қолдауға тұрарлық. Биылғы жаңа оқу жылында да оларға шығармашылық табыстар тілейміз!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.