Жыл басы ауданымыз үшін жақсы жаңалықтармен толы болып отыр. Соған дәлел – осы аптаның сәрсенбісі күні Әйтей ауылдық округіндегі Үштерек ауылында 600 орындық №2 орта мектептің ашылуы. Жаңа білім ордасының қолданысқа берілуі ауданымыздағы үш ауысымды мектептердің санын азайту септігін тигізді. Енді ауданымызда үш ауысымды мектептердің саны 12-ден 6-ға дейін қысқарды. Сондай-ақ осыған дейін ауылда жалғыз жұмыс істеп тұрған 300 балаға арналған №1 мектепте оқушы саны азайды. Оған қоса елді мекендегі балаларды басқа округтерге тасымалдау мәселесі де шешілді. Өйткені бұған дейін Үштерек ауылы мен үш саяжайдан 500-ден астам бала басқа мектептерде білім алып жүрген.
Ауданымыздағы тағы бір білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева және округ әкімі Жарқын Қатубаев қатысты.
Құттықтау сөз легін Рустам Әмірғалиұлы бастап, бұл жаңа заманауи ғимарат үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін шешуге тағы бір қадам болатынын атап өтіп, аудандағы білім саласында атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды. Мәселен, өткен жылы Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінің маңында 1500 орындық мектеп, Жармұхамбет ауылында жаңа жыл қарсаңында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ үш мектепке жапсаржайлар салынған. Соның нәтижесінде ауданда 2023 жылдың басында үш ауысымда білім беретін 12 мектеп болса, қазір оның алтауы қалған.
Жаңа мектептің ашылуымен өз жерлестерін округ әкімі де құттықтап, құрылысты жүргізген «Корпорация «Ақ Орда» ЖШС-нің ұжымына ризашылығын білдірді. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Р.Атшабаров жаңа білім мекемесінің символдық кілтін мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлмира Раисбековаға табыс етіп, округтің қадірменді ақсақалы Серғазы Қырғызовпен салтанатты түрде мектептің лентасын қыйды.
Балалардың қуанышына ашылған мектептің ғимараты үш блоктан тұрады. Оның екеуі жоғары және бастауыш сынып оқушыларына арналған. Мұнда 120 орындық асхана, 180 орындық акт залы, үлкен спорт залы, сондай-ақ қажеттінің бәрімен жабдықталған оқу сыныптары орналасқан. Оған қоса домбыра және хореография кабинеттері, қыш бұйымдарын жасайтын кабинеттер, технология сабағын өткізуге арналған шеберханалар бар. Ал ауласындағы балалар мен спорт алаңдары мектептің айналасына әдемі жарасқан.
Қауіпсіздік мақсатында кіреберісте турникет орнатылып, бейнебақылау жүйесі ойластырылған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.