Отарлап қой өсіретін шаруашылық иелері бүгінде малшы тапшы екенін айтып жүр. Шопанның ақ таяғын шындап қолға алған адам болмаса, қой бағу екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жауапкершілігі батпандай, машақаты да жетіп-артылатын іс. Ал шындап ден қойса, шопандықта құт-береке бар.
Олай деуімізге Мәдинә Мәшенқызымен әңгімелескенде көз жеткізе түскен едік. Ол шопан көмекшісі болып еңбек етеді. Отағасы Бекберген Әбиевпен екеуінің атакәсіпке бет бұрғандарына жиырма жылға жуықтапты. Олар бұған дейін мал шаруашылығымен Жамбыл облысында айналысқан екен. Кейінгі сегіз жылдан бері Ұзынағаш ауылдық округіне қарасты «Мұрынбай» шаруа қожалығында еңбек етіп келеді. Ері аға шопан, өзі көмекші шопан ретінде осы шаруашылықтың бір отар қойына жауапты. Малды жазда жайлауға шығарса, қыста қыстауда бағып, қой бағудың дәстүрлі әдісін сақтайды. Қыркүйекте тұяқты жануарды жайлаудан күздеуге айдайды. Қазан айындағы күйекті ойдағыдай атқарғаннан кейін қыстың қамына кіріседі. Мал қыста Үлгілі ауылы жақтағы Үшқұдық қыстауында қыстатылады, яғни қазір сонда бет түзеді.
Осындай науқандық жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүзеге асырудың маңызды екенін бір сәт естен шығармайтын еңбекқор жандар әркез өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайды. Соның арқасында шаруашылық басшысы Серік Нұрымбаевтың да олардың жұмысына көңілі толады. Қойдың қоңдылығын жоғары етіп бағып, өз төлі есебінен еселей өсіріп отырған жұмысшыларына жыл сайын жалақыдан тыс сыйақы береді. Шопанның бағымында 1500 шамасында қой бар. Айлық жалақысы – 150 мың теңге.
«Былтырғы сақманда біздің қолымызда Аграрлы университеттің екі студенті болып, бір ай көмектесті. Бұл олардың өздеріне де пайдалы болды. Себебі ауыл шаруашылығы мамандығына оқитын жастар білімдерін тәжірибемен байытып, қиын саланың қыр-сырын өз көздерімен көрді. Екінші жағынан еңбекке араласып, жалақы алды», – дейді Мәдинә Мәшенқызы. Ол қожалық басшысы Серік Жолдасұлының өз жұмысшыларына жасаған қамқорлығын, қарапайымдылығын айтты. Қожайынмын деп шікірею табиғатында жоқ, арасында өзі де қара жұмысқа бел шеше кірісіп кететін еңбекқор көрінеді.
Шопан отбасы екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Қыздары Гүлнұр, Айман, Гүлвира, Жансая барлығы да тұрмыс құрған, осы ауданда, екеуі Қопа, екеуі Шилібастау бекеттерінде тұрады. Осы қожалықта үлкен ұлы Рауан да жеті жыл бойы қой бағыпты, ол қазір басқа жұмыста. Ал кенжелері Азамат биыл он тоғызда, Теміржол колледжінің соңғы курс студенті. Нәсібін атакәсіптен тауып, шаңырағына құт-береке ұя салған еңбек адамдары зейнеткерлік жасқа жақындады. «Бұйыртса, зейнеткерлікке осы шаруашылықтан шығамыз», дейді шопандар отбасының отанасы Мәдинә Мәшенқызы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.