Желдің өтінде жігіттер жүр. Кірпік қақпайды. Көз ілмейді. Әрбір бұтаның қалқасын, таудың аңғарын, өзеннің сағасын, жолдың бұлтарысын, сайдың қалтарысын назарда ұстап тұр. Қылт еткенді қалт жібермейді. Жылт еткенді жіті бақылайды. Олардың мойнында зіл батпан жауапкершілік бар. Өйткені олар біздің тыныштығымызды күзетіп, Тәуелсіз мемлекеттің шекарасын қорғау деген қасиетті міндетті арқалап жүр. Ұлы Дала елінің тарихы ықылым замандардан бері небір қилы кезеңдерді, қым-қиғаш оқиғаларды өткерді. Қасиетті қазақ жерін қорғаймын деп талай хандар, талай батырлар алтын басын бәйгеге тікті. Енді бүгінде бабалар аңсаған азат күнді ұрпақтары көрді. Әлем картасынан ойып тұрып орын алған қазақ даласы – Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр алқап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік атажұрты. Бұл Тәңір Тағаланың халқымызға берген сыйы – кең байтақ даласын жат көздің сұғынан қорғап, шекарасын дер кезінде сызып, іргесін бекітуі. Осыған орай «Қаскелең» шекара бөлімшесі ерікті жасақ мүшелерімен бірлесіп 2025 жылдың шекара шебінің жұмыстарын бастады. Шекаралық аймақтарына бақылау күшейтілді. Шекара шебінде жүрген «КҮЗ-2024» шақырылымының мерзімді әскери қызметшілері өз міндеттерін қырағылықпен атқаруда.
Арман ТҰРАРОВ,
«Қаскелең» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант.