Жақында Ақтау қаласында қазақ күресінен ересектер арасында ел чемпионаты өтіп, боз кілемдегі балуандар өз өңірлерінің намысын қорғады. Олардың ішінде Алматы облысының атынан сынға түскен Кеген ауданының тумасы Шұғыла Мақсатқызы да бар. Спортшы қыз Алатаудың абыройын лайықты қорғап, үздіктердің қатарынын табыла білді.
Қазақ күресін серік еткен біріншілікке 17 өңірден бөлек, Астана, Алматы, Шымкент сияқты қалалардан 500-ге жуық спортшы қатысты. Әрбірінде бір ғана мақсат – жеңіс тұғырынан көріну.
Ел чемпионатының ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жеңіс Биткөзов, «Qazaq Kuresi» ассоциациясының бас директоры Ерлан Естек, өңірлік «Қазақ күресі» федерациясының президенті Дәурен Мұратбай қатысты.
Спорттық шарада алғашқы болып сөз алған Звира Түгелқызы жарыс қатысушылары мен жанкүйерлерге облыс әкімінің құттықтауын, ыстық сәлемін жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Одан кейін Жеңіс Диханбайұлы, Дәурен Мұратбай дейтін қазақ күресінің қыр-сырын білетін азаматтар да балуандарға ағалық ақылдарын, жігерлі сөздерін арнады. Ал Ерлан Жұмабекұлы өз кезегінде Маңғыстау облысында қазақ күресінің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген жергілікті бір топ азаматқа «Qazaq Kuresi» ассоциациясының атынан Алғыс хат табыстады.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлер 90, 100, 100+, әйелдер 70, 77, 77+ келі салмақ дәрежесінде белдесті. Боз кілемдегі нәзік жанды арулардың арасында жоғары біз атап өткен Кеген ауданының мақтанышы Шұғыла Мақсатқызының асығы алшысынан түсті деуге болады. Ол 77 кг салмақта бағын сынап, ІІ орынға ие болды(суретте бірінші тұр). Осылайша ауданның ғана емес Алматы облысының атын шығарып, шеберлігін шыңдай білді десек артық емес шығар.
Күміс жүлдені қанжығасына байлаған спортшы қыз ауданға келгенде оның жерлестері, аудан басшылығы қуана қарсы алып, әжелеріміз шашу шашып, ерекше күтіп алды. Аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков те бұл қуанышты жиынның ортасынан табылып, Шұғыла Мақсатқызына аудан әкімінің және жұртшылықтың атынан алғысын білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.