Қарасай ауданының аумағына кіретін Шамалған ауылдық округінің тұрмыс сапасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Халық санының артуына байланысты экономикасы да қарыштап даму үстінде.
Округ негізінен көпшіліктің есінде «Елбасының кіндік қаны тамған жер» деп сақталады. Оның құрамына Үшқоңыр тауының етегінде орналасқан Шамалған және Айқым елді мекендері кіреді.
Бүгінде ауылдық округтің экономикасын ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары жетелеуде. Халықтың жалпы саны – 20 мыңнан асады. Қазіргі таңда округті жас та болса бас болып, бірқатар бастамаға белсенділік танытып, ауылдастардың арасында алғысқа бөленіп жүрген Ержас Серғазыұлы Тоқтасынов басқарады. Округ басшысының қызмет орны облыс бойынша ең алғашқылардың бірі болып ашылған «Сервистік әкімдікте» орналасқан. Ержас Серғазыұлы аталмыш мемлекеттік мекемеде азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді орындап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып келеді.
Өткен жылы әкімдікке 379 өтініш келіп түссе, оның ішінде 376-ы жеке тұлғалардан, ал, қалған үшеуі заңды тұлғалардан қабылданды. Нақты айтар болсақ, олардың арасында жер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы салалырына және атаулы әлеуметтік көмекке қатысты арыз-шағымдар болды. Барлығына ауызша және жазбаша түрде жауап берілген.
Жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында округ бойынша заман ағымымен түрлі нысандардың іргетасы қаланып, нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Осындай жүзеге асырылған игі істер мен халықтың өтініші негізінде көтерілетін өзекті мәселелер әр жылдың басында аудан әкімінің халық алдында есеп беру кездесуінде айтылатыны белгілі. Биылғы жылы да округке қатысты біраз сұрақтар талқыланып, ауқымды жұмыстардың жай-жапсары нақтыланды.
Ендеше, тұрғындарға түсінікті болуы үшін Шамалған ауылдық округінде алдағы уақытта қандай иігілікті істер жүзеге асырылатынын жеткізсек дейміз.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында…
Шамалған ауылында биыл бірнеше көшеде жарқын өзгерістер болады деп күтілуде. Оның ішінде аудан әкімінің есептік кездесуінде айтылған тұрғындардың өтініші негізінде көтерілген мәселелер де бар.
Атап айтсақ, биыл Әуезов көшесінің 450 метр бөлігінде республикалық бюджеттің есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселіп, түнгі жарықшамдары қойылады.
Шамалғандықтарды алаңдатқан Қарасай батыр көшесінің жарық мәселесі де биыл шешіледі. Республикалық қаржы есебінен атқарылатын жұмыс барысында аталған көшеге 17 бағана орнатылады.
Біз атап көрсеткен көше жұмыстарының барлығы өңірлерді дамыту бағдарламасы негізінде және 2021 жылдың соңына дейін толықтай орындалатынын айта кеткен жөн.
Аталмыш бағдарлама аясында атқарылатын шаруалардан бөлек, алдағы уақытта округ ішінде басқа да халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға арналған істер қолға алынады. Оған да айрықша тоқталуға болады.
Шамалған округі бойынша болашақта жүзеге асатын байыпты бастамалар
Шамалған ауылының орталық көшесінде орналасқан ескі әкімдік ғимаратының қазіргі жағдайы ары-бері өткен адамдардың назарын бірден аудартатыны белгілі. Бүгінде бұл мекемеде аудандық ветеринария, жер қатынастары бөлімдері мен уақытша полиция пункті халыққа қызмет етуде. Тозығы жеткен әкімдікке ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыстық бюджеттің есебінен 153 млн. қаржы қарастырылып, жыл соңына дейін ескі ғимараттың келбеті жаңаша көрінетін болады.
Дәл осы мемлекеттік мекеменің іргесінде орналасқан жергілікті полиция пунктінің де ішкі-сыртқы жағдайы мәз емес. Қоғамдық қауіпсіздікті жіті бақылаушы азаматтардың жұмыс орны да келесі жылы толық күрделі жөндеуден өтеді. Облыс қаржыландыратын бұл ғимараттың биыл оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.
Үйсіз-күйсіз жүрген біраз шамалғандықтардың биыл баспана мәселесі де оңтайлы шешілмек. «Үшқоңыр» спорт мектебінің маңына жақын орналасқан жерде ауласында 5 сотық жер телімі бар 20 жер үй сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Бүгінгі таңда оның жобалау-сметалық құжаттамасы «АРС ЛТД» ЖШС-мен әзірленіп, осы жылдың қаңтар айында мемлекеттік сарапттамадан сәтті өтті. Тұрғын үйдің іргетасы қалануына «КЕРНЕУ-К» ЖШС толығымен жауапты. 262,4 млн. қаржы қарастырылған бұл құрылыстың қазіргі уақытта жұмысы қарқынды жүруде. 2021 жылдың мамыр айында 20 үйдің кілті баспанаға мұқтаж жандарға пайдалануға берілмек.
Шамалған ауылдық округінде мәдениет саласы да жақсы жағынан жандана түседі. Жетісу өңірінің басшысы Амандық Баталовтың бастамасымен 70 сотық жер теліміне облыстық бюджеттің есебінен «Өнер мектебі» салынады. Биыл аталған мәдени орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өтуі қарастырылуда.
Одан бөлек, болашақта 1000 көрерменге арналған «Өнер» сарайы да бой көтереді. Қазіргі уақытта оған қатысты барлық жұмыстың жай-жапсары талқылану үстінде. Келешекте ауыл адамдары мен келуші қонақтар сәулеті жарасқан керемет сарайда рухани демалады деген жоспар бар. Әрине, оның бәрі уақыттың еншісінде. Бастысы мақсат – айқын, бастаманың бағыты – белгілі.
Шамалған ауылы – ҚР Тұңғыш Президентінің туған жері болғандықтан, Елбасының құрметіне әрі өскелең ұрпақ мақтан тұтып жүрсін деген ниетпен аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың арнайы тапсырмасымен болашақта «Үшқоңыр» спорт мектебінің қарама-қарсы бағытында 167 га. жер теліміне «Президент» саябағы салынады. Жергілікті халықтың игілігі үшін жасалатын бұл демалыс орынның жобасы қазіргі уақытта жан-жақты нақтылану үстінде.
Шамалған халқы үшін тау беткейіне қарай арнайы жасалған веложолақ көпшілікке таныс шығар деп ойлаймыз. Аудан басшысының бастамасымен облыстық бюджеттің қолдауымен жүзеге асқан спорттық жол жиегінің бүгінгі таңда 4 шақырымы толық аяқталды. Енді оның жан-жағын көркейту, көгалдандыру, аббаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жергілікті тұрғындарды алаңдатқан тағы бір мәселе – ауыл арасындағы интернеттің әлсіздігі. Округ басшысы Ержас Тоқтасынов мұны қатаң бақылауға алып, біржақты шешуге атсалысуда. Тіпті, кейбір көшелерде интернеттің жоқтығы толық жойылды десек те болады. Мәселен, жақында ғана Әлжан ана мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысына 2 км. радиус аумақты қамтитын арнайы телебайланыс мұнарасы орнатылып, іске қосылды. Ол үшін жергілікті әкімдік пен «Эл-Си Коммерц» ЖШС арасында келісімшарт жасалды. Ауыл халқының өтініші бойынша осындай мұнаралар ағымдағы жылдың мамыр айында Байтұрсынов көшесінің бойында және Жанқожа батыр мен Рысқұлов көшелерінің қиылысында тағы орнатылатын болады. Қазіргі кезде екі жақты тараптан құжаттардың рәсімделуі жүргізілуде.
Көше демекші, биыл Б.Момышұлы (ұзындығы 0,5 км), Өтеген батыр (ұзындығы 1,6 км), Алдашев (ұзындығы 1 км), Таусамалы (ұзындығы 0,9 км), Абай (ұзындығы 0,6 км), Әлжан ана (ұзындығы 2,5 км) сияқты бірқатар көшені жасауға жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, күрделі және орта жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Ал, былтыр ғана күрделі жөндеуі толық аяқталған Бөгенбай батыр көшесінің 1 км-нің бойында түнгі жарықтандыру іске қосылады. Көпшілік күткен бұл жұмысқа аудан бюджетінен қажетті сома қарастырылып, 2021 жылдың ІІ жартыжылдығында жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2021 жылдың соңына дейін Жамбыл (ұзындығы 500 м) және Панфилов (ұзындығы 400 м) көшелері асфальтталады.
Жоғарыда аталған көше құрылыстарынан бөлек, саламатты өмір салтын насихаттау аясында да жақсы бастама қолға алынбақ. Қолжетімді спортқа қолайлы болып саналатын «Street Workout» алаңы Үшқоңыр мектеп-гимназиясының алдында салынатын болады. Жұмыс жоспарына сәйкес бұл спорттық жабдықтары бар алаң жергілікті тұрғындардың игілігіне биыл беріледі.
Міне, біз нақты атап көрсеткен Шамалған ауылдық округіндегі жүйелі жұмыстардың егжей-тегжейі, оның орындалу барысы, маңызды міндеттері осындай.
Ел игілігі жолында атқарылатын шаруалар аз емес. Заман ағымы мен уақыт талабына сай барлығы да рет-ретімен, жоспар бойынша орындалады деген сенімдеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.