Автокөлік саны күн өткен сайын көбейіп жатқан уаықтта жол мәселесі халық назарында болатыны рас. Көпшіліктің есінде болса, өткен жылдың қыркүйек айында Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Шамалған станциясында қоғамдық көлік пен жолаушылар пойызы қақтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алған болаты. Оқыс жағдайдан автобус жүргізушісі қайтыс болып, үш жолаушы жарақат алғаны белгілі. Бұл өкінішті жайт қарбалас уақытта теміржол өткеліндегі көлік кептелісінің салдарынан болды. Мұндай сәттер жиі болатындықтан, Қарасай ауданының әкімдігі төтенше жағдай туралы шешім қабылдады. Мәселені мүмкіндігінше тезірек жою мақсатында 2019 жылдың 14 қарашасында «Сәулет-SKB» ЖШС жобалау ұйымы жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуге кірісті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ егжей-тегжейлі қарастыруы барысында, ҚР «Автомобиль жолдары» Құрылыс нормалары мен ережелері талаптарына сәйкес, Шамалған стансасы мен Екпінді поселкесі елді мекендерін айналып өтуге шешім қабылданды.
Нысанның орналасу ерекшелігі мен осы жердегі халық орналасуының тығыздығы, сондай-ақ, трафик жоғарылығы ескерілді. Нақты айтар болсақ, құрылыс учаскесіндегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 11 400 автомобиль және теміржол арқылы поездар қатынауы – тәулігіне 100 жұптан асқан. Одан бөлек, «Нұр-Сұлтан – Алматы» автотрассасынан Алматыға қарай шығатын ең қысқа жол нақ осы транзиттік қозғалыс пункті екені де ескерілді.
Автомобиль жолы трассасын салу учаскесі Қаскелең орман шаруашылығы мемлекеттік орман қорындағы жер аумағы бойынша өтуі салдарынан жоба ретінде екі кезеңге бөлінді.
Ұзындығы 6,01 шақырым жолды қамтитын учаскедегі жұмыс барысына – мердігер ұйым – «TODINI COSTRUZIONI GENERALI S.p.а.» ЖШС және «СИНЕ МИДАС СТРОЙ» БК» ЖШС жауапты. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Құбыр» түріндегі 84 дана көлік айырығы үшін бұрғылау-толтырмалы қадалар орнату бойынша жұмыстар толық аяқталды. Сонымен қатар, тірек-тірек тұлғасын бетондау, №2 тіректің оң және сол жақтарындағы тіреуіш қабырғаларды және өтпе жолдың фермалық бөліктерін бетондау бойынша жұмыстар аяқталды. Бүгінгі таңда ригель арматурасының, шкаф қабырғаларының және фермалық тақталардың арматураларының байламы жүргізілуде. Одан басқа, 596 данасынан 303 қадалары қондырылған теміржол өткелі арқылы ПК30+75 (L=348 м.) негізгі эстакадасында жұмыстар атқарылуда. Су өткізгіш 18 құбырдың 12-сі орнатылды. Аумаққа қатысты жол төсенішін толтыру жұмыстары жүзеге асуда. Жалпы алғанда, мұндай ауқымды әрі жауапты жұмыстарды атқаруға 312 адам және 62 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылғанын да айта кеткен жөн.
Дидар МУХАМАДИЕВ.