Ауданымызға қарасты Шамалған ауылдық округінде халық санағының екінші негізгі кезеңі тәмамдалды. Қыркүйек айының басына мұнда арнайы дайындалған ұлттық статистика бюросының мөрі басылған куәлік, халық санағының логотипі бейнеленген көк түсті портфель мен арнайы планшеттер ұстаған 27 сұхбат алушы жұмысқа жұмылдырылып, барлық тұрғын үйді аралап, сауалнама жүргізген. Осы қарқынды түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде округтегі санақ жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды.
Аудандық статистика басқармасының мәлімдеуінше, онлайн және офлайн түрде өткізілген жұмыстардың арқасында Шамалған округінде тұрғындардың 100 пайызы халық санағына қатысқан.
Айта кетейік, бүгінде ауданымызда барлық азаматтардың қатысуымен жүзеге асырылатын маңызды іс-шара – халық санағының екінші негізгі кезеңі қарқынды түрде жүргізілуде. Оған ауданымыздан жалпы 500-ге жуық адамдар тартылып, 12 санақ учаскесі іске қосылған.
Демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректер жинауға мүмкіндік беретін ұлттық халық санағы биыл екі кезеңнен тұрады. Бірінші дайындық кезеңі осы жылы маусым айының 1-і мен 30-ы аралығында өтіп, оның барысында интервьюерлер тұрғындардың санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді, ондағы тұрғын жайлар мен үйлерді аралап, олардың тізімін және тұрақты тұратын тұрғындардың санын нақтылады. Бүгінде өтіп жатқан оның екінші негізгі кезеңінде арнайы планшеттер ұстаған сұхбат алушылар үйлерді аралап, тұрғындар арасында сауалнама жүргізуде.
Биылғы Ұлттық санақтың жаңалығы заманауи цифрлық технологиялар және процестерге автоматтандыру енгізу болып табылады. Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаз тасымалдаушылардан толық бас тарта отырып, цифрлық технологиялар қолданылуда. Нақтырақ айтқанда, егер де тұрғын санаққа онлайн режимде атсалысқысы келсе «Aitu Messenger» отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өте алады. Бұдан бөлек «egov.kz» электронды үкімет сайтының басты бетінде «sanaq.gov.kz» сілтемесі бар. Сол сілтеме бойынша өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.