Осыдан бір апта бұрын аудан әкімі Жандарбек Далабаев Шалқар ауылында өткен есептік жиынында бірқатар шешімін тапқан мәселелер жайында айттылды.
Ауыз су мәселесі шешіледі
Жиында аталған ауылда су тапшылығы қатты байқалатындығы айтылды.
Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, ауыз судың ағынымен қоса сапасы да төмен екен. Қыстың күндері су ақырын ағып тұратын болса, ал жазда су мүлдем жоқ.
Біраз жылдан бері өзекті болып келе жатқан ауыз су мәселесі Жандарбек Далабаевтың қолдауымен шешімін таппақ. Нақтырақ айтқанда Шалқар ауылының тұрғындары «Қаскелең су топтамасы» жобасының аясында 2025 жылға дейін сумен толықтай қамтылатын болады.
Қазіргі таңда округ үшін сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қажетті қаражат бөлініп, қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Шалқар ауылында амбулатория салынады
Кездесуге келген шалқарлықтар округте жөні дұрыс денсаулығын тексертуге болатын дәрігерлік амбулаторияның жоқтығын айтып шағымданды.
Қазір жекеменшік ғимаратты жалға алып отырған амбулатория ескі әрі ыңғайсыз болғандықтан, ауыл тұрғындары емделу үшін аудан орталығына немесе Алматы қаласына баруға мәжбүр.
Тұрғындардың шағымын тыңдаған аудан басшысы бұл мәселе бұрыннан назарға алынғандығын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, биыл Шалқар ауылында амбулатория салуға30 сотық жер телімі бөлінген, сондай-ақ, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасына жақын арада ақша бөлініп, құжаттары жылдың соңына дейін дайын болса, сонда құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталады.
Балаларға арналған ойын алаңы салынады ма?
Кездесу барысында шалқарлықтар ауылдарында балалар үшін мүлдем қолайлылық қарастырылмағанын жарыса айтты. Олардың сөзіне сүйенсек, мұнда мүлдем балабақша мен ойын алаңын жоқ екен.
Жандарбек Ермекұлы көтерілген мәселелердің барлығынан хабардар екенін жеткізіп, биыл ауылдағы Сейфуллин көшесінің бойына балаларды саламатты өмір салтына баулу мақсатында заманауи үлгіде жабдықталған «Street Workout» спорт алаңы салынатындығын мәлімдеді.
Ал, балабақшаға қатысты мәселені анықтауды аудандық білім бөліміне тапсырды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.