Елтай ауылдық округіне қарасты Исаев елді мекенінің тұрғындары үшін осы оқу жылының екінші тоқсаны есте қаларлықтай болды. Өйткені, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне өз есігін айқара ашты. Айта кетсек, жергілікті халық санының жыл санап өсуіне орай, мұнда осындай білім мекемесінің қажеттігі бұрыннан туындаған болатын. Бұған дейін тек 50 орындық Исаев бастауыш мектебінде 327 бала оқыса, жергілікті 280 жоғарысыныптық автобус арқылы Береке ауылындағы Бейсебаев мектебіне қатынап жүрген. Енді, міне, осы мәселенің барлығы облыс әкімінің қолдауы мен аудан басшылығының тікелей араласуының арқасында оң шешімін тапты.
…Ауыл шетінде алыстан көз тартар үш қабатты ғимаратқа қарай беттеген жандардың қарасы көп болды. Жергілікті тұрғындар көптен күткен қуаныштың куәсі болуға асықса, құттықтау үшін келген қонақтар да баршылық. Олардың қатарына аудан әкімі Махаббат Бигелдиев те өз командасымен арнайы барып қосылып, салтанатты жиын барысында жиналғандарға жақсы тілегін жеткізді.
Биыл ауданда жеті мектеп пен бір жапсаржай салынғанын, соның бірі 1,5млрд. мемлекет қаражатына тұрғызылған осы білім ордасы екенін тілге тиек еткен аудан басшысы өз сөзін кішкентай балдырғандардың мұнда еш алаңсыз, еш қиындықсыз, үлкен азамат болуға лайықты тәлім-тәрбие алып шығатынына сенім білдірді.
Ауыл ақсақалы А. Тамабай атаның ақ батасынан соң мердігер мекеме – «Saulet Group» ЖШС-нің басшысы А.Аханов жаңа мектеп директоры Б. Киргабаковаға ғимараттың символикалық кілтін тапсырды. Дәстүрге сай, тәттіден шашу шашылған соң есігі айқара ашылған шаңырақ астына жиналғандар тегіс кіріп, ішін түгелдей аралап шықты.
Алты корпустан тұратын мектептің екі спорт залы, 260 орындық жиынжайы, алты мультимедиялық кабинеті, толықтай заманауи технологиялар орнықтырылған еңбек және информатика кабинеттері, 120 орындық асханасы бар. Бүгінде мұнда 630 бала тіркеліп, 100 шақты адам жұмыспен қамтылған. Ал директоры болып осы ауылдағы бастауыш мектепті меңгерген Балжан Садыққызы тағайындалыпты.
Ауданымызда ашылған кезекті жаңа білім ошағының тыныс-тіршілігімен жақын танысқан Махаббат Садуақасұлы ендігі артылар жүк ұстаздар қауымында екенін де жеткізді. Өйткені, мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген, барлық жағдай қарастырылған бұл мектепте енді ауыл балалары еш қиындықсыз саналы білім мен сапалы тәрбие алуы тиіс.
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.