кішкентай ақылдылар «айқасты»
Бүгінде ой-өрісті дамытатын шахмат ойынына деген қызығушылар қатары артуда. Әсіресе, бұл ретте жастардың үлесі ерекше. Жуырда, яғни, ағымдығы жылдың қазан айының 28-і күні «Үшқоңыр» спорт кешенінде жылдам ойлап, дұрыс шешім қабылдауға жетелейтін шахмат ойынынан ашық турнир өтті.
Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін арттыруға, сондай-ақ, осындағы шахмат секциясына қатысушылар арасында мықтыларды анықтау мақсатында өткен сайысқа 5 пен 12 жас аралығындағы 58-ден аса шахматшы қатысып, өзара үздіктерін анықтады. Аталмыш спорт кешенінің басшылығының ұйымдастыруымен өткен шахмат додасы бес кезеңнен тұратын швейцариялық жүйемен топтық есепте жүргізілді. Оның барысында жаттықтырушы Мұхтар Ахметовтың қоластындағы жас жеткіншіктер бар шеберліктерін салып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті.
Ақтық бәсекенің нәтижесі бойынша 5,6,7 жастағы ер балалар арасындағы көш басында Нұрсұлтан Сұлтанбаев тұрса, екінші орынды Мұхамеджан Марат иеленді, ал үшінші орынға Бекназар мен Айбек Мүслім табан тіреді.
Осы санаттағы қыздар арасында Әмина Есенқызы бірінші орынды жеңіп алды, екінші орын тұғырына Ақерке Ермағамбет көтерілсе, үшінші орынды Інкәр Аселова мен Әмина Берікқызы олжалады.
8 жастан жоғары қатысушылар үшін шахмат тәжі, ер балалар арасындағы сайыста бақ сынаған, Темірхан Бауыржанұлына бұйырды. Екінші орынға Назар Хатчабов жайғасса, үшінші орынды Аян Ұланұлы, Бауыржан Дүйсенбеков пен Әлихан Есенов өзара бөлісті.
Қыздар командасында Айсәуле Жұбайым қара үзіп алға шықса, екінші орынды Даяна Жолдас иемденді, ал үшінші орынды Аңсар Ахат пен Кәусәр Аманбекқызы жеңіп алды.
Барлық жас санатындағы ер балалар мен қыздар арасынан дара шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар мен медальдар тапсырылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.