Қарасай ауданының тарихында тұңғыш рет қыздар арасында шахмат ойынынан чемпионат ұйымдастырылып, оның алғашқы жеңімпазы да анықталды. Ой жүйрігін ала тақта үстінде сынаған бұл турнир барлық санитарлық талапқа сай өткізіліп, кіл мықтылар өзара бақтарын сынады.
Жарысқа аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов қатысып, шахмат ойыны қарасайлықтардың арасында әлі талай насихатталатынын айтып, баршасына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, турнирдің ашылу салтанатына академик Виктор Әбділдаев, Мәриям Нұрышева, Рахат Алпысбаев сынды ардагер шахматшылар арнайы қатысып, өздерінің ізбасарларына ақ баталарын берді.
Чемпионат барысы әдеттегідей бес турдан тұратын швейцар жүйесімен өткізілді. Оған «Almaty Open-2019» халықаралық жарысының қатысушысы Геннадий Пак төреші болып, шахматшылардың ұпай көрсеткіштерін қадағалады. Сонымен, турнирдың нәтижесі бойынша «Үшқоңыр» спорт мектебінде шахматтан жаттықтырушы М.Ахметовтың шәкірті Сәлима Бақытжан осы чемпионаттың жеңімпазы болып танылды. Жүлделі ІІ орынды бапкер Б.Дәулетовтің үмітін ақтаған Жібек Бекмаш иеленсе, ІІІ орын Өтебай Серкебаев баптаған Айдана Жақсыбаеваға бұйырды.
Қыздар арасында өткен алғашқы чемпионатқа Шамалған ауылының тұрғыны, кәсіпкер Мұхтар Мұратұлы демеушілік танытқанын айта кеткен жөн. Осы азаматтың атынан жарыс жеңімпаздарына шахмат ойынына қатысты түрлі сыйлықтар мен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің атынан дипломдар мен медальдар табыс етілді.
Д. МУХАМАДИЕВ.