Халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартудың басты бағыттарының бірі қолжетімді баспана десек, соңғы жылдары Қазақстанда күн тәртібінен тұрғын үй мәселесінің неге түспей келе жатқаны түсінікті. Оның үстіне бұл мәселе күрделеніп, баспанаға қол жеткізе алмай, мемлекеттік кезекке өтініш берушілер саны жыл санап артып келеді. Мемлекет басшысы және Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, қазірдің өзінде толықтай шешімі табылар емес.
Бұл халық саны тығыз орналасқан Қарасай жеріне де байланысты. Өйткені өсіп жатқан жергілікті халық санымен қатар біздің аудан Алматы шаһарына жақын орналасқандықтан, шеттен көшіп келіп жатқандар саны да жетерлік. Соған сәйкес баспанаға мұқтаждық күн санап артуда. Әрине, жергілікті билік тарапынан бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін түрлі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2024 жылы Қарасай ауданында 87 пәтер кілті табыс етілген еді. Ал өткен аптаның жұмасы күні тағы 37 қарасайлық отбасы баспаналы болды.
Нақтырақ айтқанда, 25 сәуір күні аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында салтанатты шара ұйымдастырылып, мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған бір топ қарасайлықтарға талай жылдан бері тағатсыздана күткен баспана кілті табыс етілді. Қуанышты шара барысында аудан әкімі Жасұлан Естенов жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Соңғы жылдары ауданымызда жақсы өзгерістер орын алып, оны көркейту бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Әрине, біздің тараптан тұрғын үй мәселесі де ерекше назарда. Жағдайды жақсарту үшін барлық шараларды қолданудамыз. Бүгін табысталатын кілттер де тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі.
Жаңа баспана иелерін қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа шаңырақтарыңыз шаттық пен жақсылыққа толы болсын деп тілеймін, – дей келе аудан басшысы жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, республикалық және жергілікті бюджет арқылы қоныс иелері атанғандар қатарында әлеуметтік осал топқа жататындар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі барлар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар болды.
Шара барасында тұрғын үй кезегінде тұрып, баспанаға қол жеткізгендердің бұл күні қуаныштарында шек болмады. Салтанатты рәсімнен кейін пәтерге ие болғандар атынан зейнеткер Жарылқасын Айнабеков сөйлеп, ақ батасын берді. Сондай-ақ бірқатар аналар да мемлекет қамқорлығы нәтижесінде қол жеткізген шаңырақтары үшін аудан басшысына ыстық лебіздерін жеткізіп, алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда 87 отбасыға пәтер кілті табыс етілген еді. Ал ағымдағы жылдың соныңа дейін бүгінгі 37-ден бөлек, 95 шақты отбасыны баспаналы ету жоспарланған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.