Елбасы мен елорданы егіз ұғым іспетті деуге әбден болады. Ия, оның өне бойынан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын болашаққа, жасампаздыққа бастаған қолтаңбасын айқын көре аламыз. Астананың барлық жері, бар мәселесі мемлекет басшысының ешқашан назарынан тыс қалған емес. Жалпы, Ұлт Көшбасшысы Астананың авторы деп орынды айтылады.
Еліміздің бас қаласының алып та асқақ Алатау баурайынан Сарыарқаның сайын даласының қақ төріне көшірілгені кеше ғана сияқты еді. Уақыт қандай жылдам, неткен ұшқыр! Қазір қарап отырсақ, Астананың тәуелсіз Қазақстанның кіндік қаласы атанғанына да жиырма жылға тақап қалыпты.
Биыл ертеңі нұрлы егемен еліміз елорданың осы мерейтойын барынша сән-салтанатымен атап өтпекші. Мұның өзі кемел келешекке, өркениет биігіне бет алып бара жатқан күн сәулетті республикамыз үшін тарихтың тағы да бір жарқын беті болмақшы.
Астана, шын мәнінде, ұлық ұлтымыздың ыстық ұясы, ұлы мақсат-мұраттарға ұмтылған ынтымақты еліміздің ерекше символы. Астана, сонымен қатар, қалың қазақтың, барша қазақстандықтардың айрықша мақтанышы, әрдайым жүрегінде аялап жүретін ардақтысының, асылының бірі.
Елордамыз жедел қарқынмен дамып, тез өсті, жылдам өрісін кеңейтті. Осылайша, халқы аз шағын шаһардан алып қалаға айналды. Қысқа мерзім ішінде адам танымастай өзгеріп, қазіргі кезде көріп отырғанымыздай, өте еңселі, экономикасы қуатты мегаполис атанып отыр.
Бүгінде Елорданың көркіне көз тоймайды. Оның сәулеті мен дәулетіне таң қала қарамайтын адам жоқ-ау, сірә.
Біз үнемі осы Астанамызбен мақтанамыз, шаттанамыз! Оның сәулеттік керемет кескін-келбетіне, сұлу, сымбатты бет-бейнесіне сүйсінеміз, сүйінеміз.
Жасай бер, жайнай бер, жас қала – бас қала!
Сағындық ЖЫЛҚЫБАЕВ,
аудандық кәсіподақ
комитетінің төрағасы.