«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында, күрделі жөндеуден өткен мәдениет нысандарында облыстық концерттік ұжымдардың халыққа тегін концерт беруі туралы облыс әкімінің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында, осы аптаның алғашқы күні Береке ауылдық Мәдениет үйінде «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблі «Ауылым – ел бесігі» атты концерт қойды.
Бұл өткен жылда аталған бағдарлама аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 28 жылдан кейін қайта жанданған Береке ауылдық Мәдениет үйіндегі алғашқы концерт. Шара барысында қазіргі еліміздегі ахуалға байланысты, барлық санитарлық талаптар мен арақашықтық та қатаң сақталды. Пандемия кезіндегі шектеулерге орай араға уақыт салып жолыққан бес жылдық тарихы бар өнер ұжымын тұрғындар ерекше ықыласпен қарсы алды. Аудандық мәдениет бөлімі жанынан құрылған ансамбль алғашқы қаз тұрып, қадам басқан уақытынан бері жұрт назарын аударған жақсы жоба ретінде танылды деп атап айтуға әбден болады. Қазіргі таңда Мәдениет саласының үздігі Динара Маметекова жетекшілік ететін «Үшқоңыр» этно-фолькрорлық ансамблі өткен жылы, аудан әкімінің өкімімен, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып аталған болатын.Бұл ретте де жеткен жетістіктері жетерлік. Сонымен өнерпаздар бұл ауылдағы концерттік бағдарламасын рух беретін, қазақы қаныңды тулататын «Қарасай» музыкалық композициясымен ашты. Осы орайда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Архат Қуаншалиевтің «Күрескер» сияқты күйлерінің құдіреті де көрермендерді ерекше баурап алды. Сондай-ақ, ансамбльдің дәстүрлі әншілер тобы да бірнеше әсем әнді әуелетіп, құлақ құрышын қандырды. Осылайша, «Үшқоңыр» ансамблі майталмандарының әуелете салған әндері мен мың бұрала билеген қыздардың көрінісі «жақсы көңіл-күй сыйлайықшы» деген ерекше ықыластарын байқатты.
Мерейлі жиынның қорытынды сөзін сөйлеу үшін сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова осы жолғы концерттік бағдарламада өнерлі ұжымның ерекше дайындықтарын бағалап, олардың қоғамға рухани байлық сыйлау мақсатындағы үлкен үлестерін сөз етіп, өзінің де жан дүниесі осы салаға жақын екендігін әңгімеледі. Концерттің соңында Тағайбек Тұрысбековтың сөзі мен Ерғали Көшербаевтың әніне жазылған «Үшқоңыр» әні орындалып, осы тамаша өнер кешінің нүктесі қойылды. Мұнан кейін көрермендердің қызу қошеметі аясында ансамбльге зор құрметті білдіретін, ортаға аудан басшысының атынан ықылас гүлі әкелініп, өнерпаздарға табысталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.