Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Мұны келін болатын болашақ қыздарымыз терең сезінулері қажет. Жас келіннің көтерер жүгі қашанда ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілермен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Жаңа шаңырақтың табалдырығын аттаған келіндерін ата-бабаларымыз құрмет тұтқан. Оларды өз ұрпағын өрбітіп-өркендетіп, кеңейтуші ырысы, құт-берекесі санаған.
Сонау заманнан келе жатқан халқымыздың әсем әуендері бүгінде өнер әлемінің баға жетпес қазынасына айналған. Осы бір ата-бабамыздан қалған тарихы тереңде жатқан құндылықты дәріптеп, ескі әндерді көпшілік алдында паш етіп жүрген өнерпаздар, өнер ұжымдары жетерлік. Солардың қатарында шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайын-туманың татулығын сақтауға септігін тигізіп, әрдайым жастарға ақыл-кеңестерін беріп жүрген ауданымыздың ақ жаулықты әжелерінен құрылған «Үшқоңыр ақ әжелері» ансамблі де бар.
Аталмыш өнер ұжымы қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу мақсатында 1988 жылы Шамалған ауылдық Мәдениет үйі жанынан құрылған. 30 жылдан аса тарихы бар ансамбльдің жетістіктері жетерлік, аудандық, облыстық түрлі мәдени іс шараларға белсене қатысып, бүгінде ауданымыздың мәртебесін көтеруде зор үлестерін қосуда.
Өткен аптада Шамалғанда аталмыш өнер ұжымының өнері мен жетістіктерін насихаттау мақсатында шығармашылық кеші өтті.
Округ әкімі Ержас Тоқтасынов бастаған ауданның Құрметті азаматтары, мәдениет, білім саласының ардагерлері және тұрғындар қатысқан кеш шымылдығы арнайы бейнебаянмен ашылып, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленген асыл жандардың жүріп өткен жолы көпшілікке ұсынылды. Мұнан кейін «Жұлдыздар» шығармашылық орталығының «Жалын» би тобы кеш иелеріне арнап Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әніне қойылған билерін сыйға тарту етті.
Алғы сөзді ансамбль жетекшісі және Шамалған ауылдық аналар алқасының төрайымы Батиха Миркамалқызы алып, жиналған қауымға алғысын білдірді.
Шығармашылық кеште әжелер ансамблінің шоқтығы биік әндерінің бірі халық әуеніне жазылған «Үшқоңыр елдің жайлауы» әні, халықтың «Дедімай-ау», «Угай-ау», «Тойға шашу», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Ақбаян» әндері тамылжыта орындалды. Сонымен қатар әжелер «Киіз басу» биін, ансамблдің бишісі Балсұлу Сырлибаева өзбек биін көрерменге тарту етті. Ал ансамбльдің жаңа құрамындағы жеке дауыста әншілері Мария Балманова, Алтынай Тұяқова, Гулмира Мамыткеримова, Ақкенже Ермекбай Шәмшінің, қазақ халықының әндерін құйқылжыта орындаса, ансамбльді аспаппен сүйемелдеген аудандық Мәдениет үйінің аккомпаниаторы Қонақбай Жалмаханов Мансұр Сағатовтың «Туған ел» әнімен кештің көркін келтірді.
Кештің соңына таман Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Серғазыұлы «Үшқоңыр ақ әжелері» ансамблін республикалық байқаудан иеленген «Бас жүлде» марапатымен құттықтай отырып, олардың атқарып жүрген жұмыстарына ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі концерт бізге өте көп әсер беріп жатыр. Осы ретте көмейінен күміс төгілген ән өнерінің майталмандары, үлкенге ілтипат, кішіге үлгі болған ақжаулықты апаларымызға алғысымды білдіргім келеді. Ансамбль мүшелігіндегі әжелеріміз кейінгі ұрпаққа тек ізеттілік танытып қоймай, қандайма шараның басы-қасынан табылып жүрген ұйымдастырушылар, әрқашан көмек қолын созатын ақылшы жандар. Әркез дүйім елдің ыстық ықыласына бөленген сіздер қашанда зор құрметке лайықсыздар. Шығармашылығымен ерекшеленген ел аналарымыз ғұмырларыңыз ұзақ болсын, – деді округ басшысы.
Әкімнен кейін бірқатар азаматарда сөз сөйлеп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Нақтырақ айтқанда Шамалған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Жебегенұлы ақ батасын беріп, ансамбль мүшелеріне табыс тілеп, ақ тілегін жаудырды. Ал «Атамекен» мәдени-тарихи орталығының аға ғылыми қызметкері Алпамыс Абу орталықтың Алғыс хатын табыс етті. Бұған қоса Қарасай аудандық Мәдениет үйінің директоры Анар Бесікбайқызы аудандық ішкі саясат, тілдер, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенованың Алғыс хатын табыс етті.
Шамалған Мәдениет үйінің директоры Шарбану Калиеваның бастамасымен ұйымдастырылған кеште ауданның көркемөнерпаздары да қапы қалмай, әсем әннен шашу шашып, залдағы ағайынға тамаша көңіл күй сыйлады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.