Ұстаз болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін мамандық. Ұстаздық жолды таңдағандардың барлығы бірдей өз орнын таба бермейді. Ал өзі қалаған жолынан қуат алып, шәкірт тәрбиелеуде табандылық танытқандардың орны қашанда бөлек. Солардың бірі – Жібек жолы ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынарбек Тұрсын. Ол жайлы мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында қалам тербесек деп едік.
Шынарбек Тұрсын Қытайдың Санжы қаласында дүниеге келіп, сонда мектепті тәмамдады. Алғашында емтихан тапсырып, медицина мамандығына қабылдағанымен, жүрек қалауы басқа саланы таңдауға жетеледі. Бала кезінен бәйгеге шабандоз болып қатысып, айтыстарға ақын ретінде шығып жүрген ол қазаққа қызмет етуді армандап, жалғыз өзі Қазақстанға қоныс аударған.
– Бір жыл дайындық тобында білім алып жүріп, ойландым. Кейін қазақ этностары арасындағы олимпиадаға қатыстым. Сол жерде маған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев атындағы грант бұйырды. Еш ойланбастан, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдадым. Бұл шешіміме еш өкінген емеспін, – дейді ұстаз.
Шынарбек ұстаз Ақтөбедегі Жұбанов университетін бітірген соң, Қарасай ауданына көшіп келген ата-анасының қасына келіп, туған жерге қызмет етуді жөн санады. Содан бері Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келе жатқанына бесінші жыл толып отыр.
Шынарбек үшін мұғалім – тек білім беруші емес, баланың жан дүниесін түсініп, табиғи қабілетін ашуға көмектесетін тұлға. Бұл жайында ол ағынан ақтарылып, ағартушылық жолдың маңызды екенін айтты.
– Баланы оқытқанда оның жанын жаралап алмауды қатаң ескеремін. Қазіргі кезең – бәсеке жоғары, жасанды интеллект дамыған уақыт. Балалар болашағында өздерінің ең мықты нұсқасына айналса деймін. Сол үшін әр шәкірттің ойлау қабілеті мен шығармашылық мүмкіндігін шыңдау – басты міндетім, – дейді Шынарбек. Сондай-ақ ол сабақ беру барысында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Әсіресе шешендік өнер мен айтысқа баулып, балалардың сөз мәдениетін шыңдайды. Оның шәкірттері бүгінде аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлде алып үлгерді. Ұлағатты ұстаздың көзқарасы бойынша, ең бастысы – баланың бойындағы дарын емес, қызығушылық пен сенім. Әдебиетті ол жай ғана пән емес, адам жанын тәрбиелейтін рухани құрал деп қабылдайды. Әлемдік жауһарлар қазақ тілінде аударылып жатқан кезеңде, оқушылардың кітапқа қызығушылығы артып келе жатқанын айтты.
Шәкірттер әдебиеттегі кейіпкерлер арқылы өмірді танып, ой толғап, сыни көзқарасын қалыптастырады. Шынарбек ата-ананың мектеппен бірлесіп жұмыс істеуіне ерекше мән береді. Оның пікірінше, «Не үйрендің?», «Саған не ұнады?» деген қарапайым сұрақтардың өзі балаға серпін береді. Сонымен қатар қазақ тілінің дамуы тек әдебиетпен шектелмей, техникалық, медициналық және IT салаларына да кеңеюі тиіс екенін атап өтті. Ұстаз шәкірт тәрбиелеуде «адамның істегенін, адам істей алады» деген қағиданы ұстанады.
Ұстаздар күні Шынарбектің өмірінде ерекше орын алады. Бұл күнді ол тек педагогтардың кәсіби мерекесі емес, барша мамандық иесіне ортақ мереке деп біледі. Өйткені әрбір маманның қалыптасу жолында ұстаздың тәлімі бар. Алғаш еңбек жолын бастаған жылы дәл осы ұстаздар күні өзін білім майданына толық енгендей сезінген. Ол бүгінде жастарға немесе болашақ ұстаздарға ақыл айтудан аулақ.
«Өзім де сол толқында келе жатқан буынның өкілімін. Ең бастысы, іске сәт!» – деп барша әріптестеріне тек жақсылық тіледі.
Ниетінен адалдығы мен шынайылылығы көрінген Шынарбекке біз де тек сәттілік, табыс, жақсылық тілейміз! Білім жолында беделі биік, абыройы асқақ болсын дегіміз келеді.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
