Таулы өлке атанып кеткен Кеген ауданында жақсылық мол. Нақты айтар болсақ, 2019 жылы жабылып қалған Кеген өнер мектебі өз жұмысын қайта жандандырып, еңсесін тіктеді. Бұл дарынды балалар үшін де, ата-аналары үшін де үлкен қуаныш болды. Қазір өнер мектебінің бойында талабы, дарыны бар жас ұрпақты өнердің түр-түріне баулып отырған жайы бар.
Өнер мектебінің бір бөлшегіне айналған Жалаңаш ауылдық филиалында домбыра класын жүргізетін Шәкірт Көбеген туралы орнымен сөз етуге болады. Өңірде қандай да бір жақсылық, іргелі той, халықтық мереке болып жатса, біркелкі ұлттық киім киінген Шәкірт ағайдың домбырашылар оркестрі жүреді. Жас домбырашылар Құрманғазының, Тәттімбеттің тамаша күйлерімен сол бір жиын-тойдың мәні мен маңызын ашып жатады. Сәні мен салтанаты жарасқан өнерлі өрендер кез-келген дүниенің барын асырып, мейманасын шалқытып тастайды. Бабына келіп тұрған қоңыр домбыраларымен әр жүректің пернесін де қағып, көңіл төрін күмбірлете күйге толтырып тастайтынын қайтерсің?! Бұл өнердің құдыреті, киелі домбыраның жақсылығы, бабалардың үні мен тіліндей күйдің шапағаты. Міне, әрдайым қоңыр домбыраны, ұлт өнерін серік етіп жүрген өнерлі өрендерді көрген сайын Шәкірт Көбегендей шынайы өнер иесіне деген құрметіміз арта түседі. Шәкірт ағай жалпы аспантаулар өлкесіндегі арнаулы білімді музыкант, екінің бірінің қолы жете бермейтін Алматы қаласындағы П. И. Чайковский атындағы колледжді домбыра пәнінің мұғалімі әрі оркестр жетекшісі мамандығы бойынша бітірген бірден-бір маман.
Қазағының қастерлі қоңыр домбырасын құшақтай өскен бала болды. Ұлтының өнерін, әсіресе, күйлерін жақсы көрген қара домалақ болды. Үйде жүрседе, көшеде жүрседе әйтеуір ұлтының жақсы әндері мен күйлерін ыңылдай айтып жүретін перзент болып өсті. Сөйтіп жүріп, алдына асқақ арманын, ізгі мақсатын қоя жүріп, ақыры шәкірттерін өнер әлеміне баулып жетелейтін, үйрететін білікті маман, саз пәнінің мұғалімі. Өткен өмірі, кешкен күндері, жылжыған шақтарына еш өкпесі жоқ. Әр күн сайын қоңыр домбырасының үніне бөленіп жататын жұмыс бөлмесінен табылады. Домбыраға ықыласты шәкірттерінің қасында болады. Әр шәкіртін домбыраға үйрету өз алдына, ұлт аспабын жап-жақсы меңгеріп алған жас домбырашылар оркестрімен бірге репертуарларына жаңа күйді, жаңа шығарманы енгізуге беріліп, еңбектеніп жатқанының үстінен түсесің. Жас домбырашылар ешқандай қоспасыз, музыкалық көркемдеусіз домбыраның таза үнімен Құрманғазының әйгілі «Адайын», «Балбырауынын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын», Ермұрат Үсеновтың «Кербез сұлуын» орындаған тамаша сәттерін көрген де арманда, көрмеген де арманда?! Осындай әсерлі сәттерде Шәкірттей ұстазға, домбыраны меңгеріп, жап-жақсы деңгейге көтеріліп қалған Кәусар Ермек, Бибінұр Елақын, Жансая Көбеген, Бабажан Мансұр, Аманбол және Есенбол Тоқай, Ақниет Мақсатқызы, Айша Арзымат, Айша Нұрғанатқызы секілді жиырмаға тарта оркестрдің балғын құрамына ризашылығың арта түседі.
Шәкірт Көбеген ағайдың болашағынан үміт күтер талантты жастары көп . Басқаны айтпағанда биылғы жылы балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Атадан – мұра» атты халықаралық байқауға вокалдық номинация бойынша Ақжол Тоқыбай мен Айшуақ Тұрдыбек қатысып, бас жүлделі болды, сөйтіп Париж қаласына жолдама, оның сыртында Қонаев қаласындағы демалыс орнына тегін жолдама алып, аудан мерейін көтеріп тастады. Аталған байқауда Есбол Тұрлыбай 1 орынды, Шыңғыс Мәлікұлы 2 орынды иеленді.
Біз сөз етіп отырған өнер мектебіне қарасты домбыра класының ұстазы Шәкірт Көбеген аудандағы мақтаулы азамат, айтулы өнер иесі. Өнердің өз адамы. Жалаңаш ауылындағы өнегелі отбасының иесі. Өмірі өнеріне, әр күні қоңыр домбыраның сазына толы Шәкірттің шәкірттерімен бірге көретін жақсы күндері алда. Қоңыр домбырасы жетелер, жеткізер жақсылықтары алда.
Индира қанатқызы
кеген ауданы