Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аптаның екінші күні VII шақырылған аудандық мәслихаттының кезекті XXIV сессиясы өтті. Күн тәртібінде бірқатар мәселелер талқыланып, олардың барлығы депутаттардың қолдауымен бекітілді.
Жиынға халық қалаулыларынан бөлек аудан әкімі Жасұлан Естенов пен оның орынбасарлары, қала және ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары қатысты. Сессияның өтуіне аудандық мәслихат хатшысы Бауыржан Айнабеков төрағалық етіп, талқыға түсетін мәселелерді атап өтті. Оның алғашқысы «Қарасай ауданының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. Оған қатысты ақпаратты аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев нақты жеткізе отырып, 2023 жылға арналған аудандағы қаржы саласының жобасын ұсынды. Жобаның кіріс-шығысына жеке тоқталған бөлім басшысы сөз соңында айтылған бюджет жобасын депутаттар тарапынан бекітіп беруін сұрады. Күн тәртібіндегі мәселенің екіншісі – аудандық жер комиссиясын жаңа құрамын бекіту, үшіншісі – Қарасай ауданының әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы. Оған қатысты сессияға төрағалық еткен Бауыржан Бақтыбайұлы жан-жақты тоқталып, кейбір кадрлық ауыс-түйістерге байланысты өзгерістер де орын алғанын және соған байланысты жоғарыда атап кеткен комиссия құрамы да жаңартылғанын айтып өтті. Бұған қатысты шешімге ешкімнің алып-қосары болмағандықтан, оның жобасы депутаттардың тарапынан қолдау тауып, бекітілді.
Ал, төртінші мәселе Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес «Қарасай ауданында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін арттыру туралы» 2019 жылғы 21 тамыздағы № 45-6 Қарасай аудандық мәслихатының шешімінің күшін жою туралы болды.
Жалпы сессияда талқыға түскен мәселелер толығымен қаралып, депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Өз кезегінде аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы сөз сөйлеп, ауданның экономикасын өркендету жолында еңбек етіп жүрген халық қалаулыларына алғысын білдірді.
Сонымен қатар жиын соңында аудан басшысы Ж.Естенов «Біздің депутат» республикалық қоғамдық-саяси газетінің рейтингісі бойынша «Үздік депутат – 2022» төсбелгісіне лайық деп танылған Қарасай аудандық мәслихат депутаты Айгүл Құнанбаеваға марапатын табыс етті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.