Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне қарасайлық жастар да өз үлестерін қосу мақсатында ауданымызда сенбілік өткізіп, демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Қоршаған ортаның айтулы проблемаларына әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару және адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін ояту мақсатында, жыл сайын маусым айының 5-і Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен қоршаған ортаны қорғау күні болып бекітілген болатын. Аталған күнге орай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Бірге таза Қазақстан!» экологиялық акциясын ұйымдастырған еді.
Қоршаған ортаның қорғауға бағытталған акция аясында ауданымызда жылда сенбіліктер өткізілуде. Аталмыш дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, өткен аптада қарасайлық жастар ауқымды сенбілік ұйымдастырды.
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» жастар қанаты және С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық, «Аяжан» медициналық, Гуманитарлық-техникалық және Мәдениет колледждерінің эко-волонтерлері біріккен тазалық жұмыстары кезінде қаскелеңдіктер демалатын орындар тазаланды. Нақтырақ айтқанда, 40-тан астам жас қолдарына тырма, күрек, қап алып, орталықтың тұрғындары жиі демалатын «Ақсай» шатқалының аумағындағы қоқыстарды жинап, тазалық мәдениеттіліктің өлшемі екендігін көрсетті.
Айта кетейік, мұндай тазалық жұмыстары мемлекеттік, жеке меншік мекемелерінің қызметкерлері мен аудан тұрғындарының белсенді атсалысуымен осы күні ауданымыздың барлық аймақтарында да өткізілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.