«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданда тазалық жұмыстары жалғасуда. Мекеме қызметкерлерімен бірге көше тұрғындары да санитарлық тазалау жұмыстарына атсалысып келеді. Ортақ жұмыстың арқасында қоқыс полигонына өткен аптада 73 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.
2024 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бастау алған еді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «адал адам – адал еңбек – адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыруды мақсат еткен акция бес аптаға созылып, олардың әрқайсысы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» деген тақырыпқа арналды. Оның аясында республика аумағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер, саябақтар, ормандар мен су қоймалары қоқыстан тазаланды, көптеген жаңа ағаштар мен бұталар отырғызылды. Игі бастама биыл да сәтімен өз жалғасын табуда.
Аталған акция аясында өткен аптаның демалыс күндері аудан аумағында жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Оған бір кісідей қатысқан барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері, еріктілер өздеріне бөлінген аймақтардағы көшелер мен жол жиектерін, арықтар мен әлеуметтік нысандардың айналасын күл-қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жалпы тазалық жұмыстарына 4500-ден астам адам мен 35 арнайы техника жұмылдырылды.
Акция кезінде 580 аула, 74 көп пәтерлі тұрғын үй аумағы, 508 жеке тұрғын үй құрылысының ауласы, төрт саябақтар мен алаңдар, бір ескерткіш, 28 өндірістік және кәсіпкерлік және 23 әлеуметтік нысан аумағы тазартылды. Нәтижесінде ауданға қарасты қала мен округтерден қоқыс полигонына 73 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.
Алдағы уақытта да аудан аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ