Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тазалық әр адамнан, әр үйден басталуы керек. «Таза Қазақстан» – бұл бір күндік науқан емес, бұл – өмір салтымыз», – деп атап өткен еді.
Президенттің 2024 жылы бастау берген игі акцияның негізгі мақсаты – табиғатқа құрметпен қарауды және қоршаған ортаны қорғауды насихаттау, сонымен қатар жергілікті тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастырып, экологиялық мәдениет деңгейін арттыру үшін күш-жігерін біріктіру. Оның аясында республика аумағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер, саябақтар, ормандар мен су қоймалары қоқыстан тазаланды, көптеген жаңа ағаштар мен бұталар отырғызылды.
Экологиялық акция осы жылы өз жалғасын табуда. Қарасай ауданының тұрғындары биыл да бұл бастамадан қалыс қалмай, сенбілік шараларына белсене қатысуда.
Аталған акция аясында өткен аптада аудан аумағында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Оған бір кісідей қатысқан барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері, еріктілер өздеріне бөлінген аймақтардағы көшелер мен жол жиектерін, арықтар мен әлеуметтік нысандардың айналасын күл-қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ауданның көркін жақсартты.
Нәтижесінде ауданға қарасты қала мен округтерден қоқыс полигонына көшелерде шашылып жатқан қағаздар, пластикалық, шыны бөтелкелер, пакеттер секілді 48 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Бұл – «Таза Қазақстан» акциясының аясында ұйымдастырылған бірінші және соңғы іс-шара емес. Алдағы уақытта да аудан аумағында сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
