Сулейман Демирель атындағы университет – Қарасай жерінде орналасқан, еліміз бойынша беделді әрі белгілі жоғары білім беру мекемесі. Оның халықаралық үлгідегі бағдарламасы бар оқу ордасы екенін де ерекше айтуға болады. Сонымен қатар, халықаралық дәрежеге де ие болып, бүгінде өзінің көптеген жетістіктерімен, білімді студенттерімен алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналып, халыққа танылуда. Заман талабына сай өз аумағын кеңейтіп, ондағы жаңа ғимараттардың қатары жыл санап артуда. Бұл жердегі биылғы жылдағы басты жаңалық – СДУ-дың алаңында жастардың қолайлылығы үшін салынып жатқан 4500 шаршы метрді құрайтын спорт және мәдениет кешені. Осы және өзге де алға қойған жоспарларымен Сулейман Демирель университетінің әкімшілік жұмыстары бойынша проректоры Али Кочак бөлісті. Оның айтуынша, мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Отыз жылға жуық тарихы бар Сулейман Демирель атындағы университеті – 1996 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің қатарындағы Түркия мемлекетінің 9-шы Президенті Сулейман Демирельдің қатысуымен Алматы қаласында 1000-нан астам студентке арналып ашылған. Аталған оқу орны ағылшын тілінде жүргізген еліміздегі алғашқы университеттердің бірі болып табылады. Оқу орны, әсіресе, IT, инженерия, құқық, экономика және бизнес салаларында озық ойлары мен терең ұшқырлықтарының арқасында ерекшеленіп келеді. 2008 жылы өзінің аумағын кеңейтіп, жаңа ғимаратты салуды көздеген университет басшылығы шетелдік тәжірибені негізге алып, мегополиске жақын орналасқан Қаскелең қаласын таңдапты. Дәл осы жылдары білікті маман, тәжірибесі мол Али Кочакты СДУ-дың құрылыс жұмыстарына жауапты етіп бекіткен. Сондықтан әкімшілік жұмыстары бойынша проекторды оқу орынының негізін қалағандардың бірі деп айтуға болады.
Жалпы, көптеген студенттер шетелдегі қолайлы, заманауи университтерде оқығысы келетіні жасырын емес. Сондықтан оқу орнының әкімшілігі өз ғимараттарын жабдықтау кезінде «модерн» стилін таңдауының басты себебі осы екен. Қарасай ауданының орталығындағы СДУ-дың алғашқы іргетасы 2008 жылы көтеріліп, 2011 жылы аяқталған. Оқу кампусының жалпы аумағы 40000 шаршы метрді қамтыды. Ал, 2013 жылы студенттерге арналған 20000 шаршы метрді қамтитын 1150 білімгерлерге арналған бар жатақханасы тұрғызылыпты. Одан кейін арасына тоғыз жыл салып тағы бір 6000 шаршы метр-ден тұратын оқу кампусы салыныпты. «Барлығы бір агрегацияда болғандықтан жаңа қосылған ғимаратты студенттер мен ұстаздардан басқа ешкім байқамайды», – дейді Али мырза. Десе де СДУ әкімшілігі өз студенттерінің қолайлығы үшін жыл санап барлық жағдайды жасауда. Ал, қазіргі уақытта университет аумағында 4500 шаршы метрді құрайтын спорт және мәдениет кешені салынуда.
– Өздеріңіз біздің университетімізге кіргенде байқаған шығарсыздар. Студенттердің сабақ оқуына, демалуына, тамақтануына барынша мүмкіндіктерді қарастырғанбыз. Барлық жоғарғы оқу орындары сияқты бізде де түрлі ұйымдар құрылып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Ал, біз өз кезегімізде жас таланттарымыздың спорттық және мәдени шараларды ұйымдастыруына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Өйткені, ұйымдастыру мен топпен жұмыс істей білу білім алудың ажырамас бөлігі. Дегенмен кейбір шаралардың өткізілуі оқу процесіне кедергі келітіріп жатады. Сондықтан университет әкімшілігі бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға жеке ғимарат болу қажеттігі жайлы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта жоспарымыз жүйелі түрде орындалып келеді. Құрылыс жұмыстары былтыр шілде айында басталып, биыл қыркүйек айында аяқтау жоспарда бар, – деді өз сөзінде Али Кочак.
Жоғарыда айтып өткендей 4500 шаршы метрді құрайтын аталған кешеннің 3000-ы спорт бағытына арналса, 1500 шаршы метрде түрлі мәдени шараларына дайындық жұмыстарын жүргізуге, өткізуге бөлініпті. Үш қабаттан тұратын бұл орталықтың біріншісінде 1200 шаршы метрде мини-футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жылжымалы 320 трибуналар, қыздармен ұлдарға бөлек киім ауыстыратын бөлмелер мен фитнес залдары болады. Ал, екінші қабатында ашық мәдени іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар орналасса, үшіншісінде 200 адамға арналған акт залы, ән мен биге арналған залдар бар. Тіпті, төртінші қабатында терасса да қарастырылған екен.
Сөз соңында Али Кочак мырза алдағы жоспарларымен бөлісіп қана қоймай, ұсыныс-тілектерін де жеткізді.
– Жалпы, әлемдік стандарттарға сүйенсек, 50 жылға дейін университеттер жас деп саналады. Сондықтан біз енді қалыптасып келе жатқан ағза ретінде алдағы қойған жоспарларымыз мұнымен шектелмейді. 2026 жылдың соңына дейін тағы бір 5000 шаршы метрді құрайтын оқу блогын салсақ деген ниетіміз бар. Сонымен қатар студенттерге арналған жатақхана да салуды осы жақын жылдардың еншісіне қалдырып отырмыз. Ал, таяуда әлемдік жоғарғы оқу орындарын стандартына сай екенін немесе лайықсыз екенін анықтайтын «Assein» деп аталатын немістік мекеменің мамандары бізге келіп, аккредитациялау жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта соған да қарқынды дайындалу үстіндеміз. Дегенмен біз де жұмыс істейтін ұстаздар мен студенттердің басым бөлігі Алматы қаласында тұрады. Сондықтан қаладан бері қатынайтын автобустардан басқа да қоғамдық көліктер болса деген өтінішіміз бар. Әлемдік тәжірибедегідей Үкімет тарапынан барлық университеттерге ортақ жатақханалар салынса, студенттердің баспана мәселесінің толықтай шешілуіне ықпал ететін еді, – деді ол.
Бұрым ОРЫНБАСАР.