Қарасай ауданы әкімі Жасұлан Естеновтің халық алдындағы есептік кездесуі жалғасуда. Солардың бірі осы аптаның сәрсенбісі күні Жамбыл ауылдық округінде өтті. Аталған жиын Батан ауылындағы орта мектепте ұйымдастырылды. Оған әдеттегідей аудан әкімінің орынбасары, аудандық бірқатар бөлім басшылары, құқық қорғау, полиция, медицина секілді мекеме өкілдері қатысты.
Ауылдық окрукте өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі жайлы және алдағы жоспарға бекітілген шаралар сөз болған кездесу барысында күн өткен сайын өзектілігі артып отырған саяжай мәселесі де талқыланып, осында тұратын халықтың өтініш-тілектері тыңдалды.
Жалпы Жамбыл ауылдық округінің құрамына Жамбыл, Батан, Ұлан, Қошмамбет ауылдары және 13 саяжай кіреді. Аталған елді мекендердің халық саны бүгінде 23 885 адамға жетті.
Округ аумағында үш орта өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп, 183 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Олар – «Агро-Импэкс-Алатау» ЖШС, «Асыл спайс» фирмасы және «Raw Production Ltd» зауыты. Оған қоса округте 1204 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 2017 тұрғын жұмыспен қамтылуда. Жеке кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Қонаев ӘКК» арқылы жеті округ кәсіпкерлерінің жобалары мақұлданып, жалпы 61,5 млн. теңге несие берілді.
Мұнан бөлек Жамбыл ауылдық округі бойынша жалпы көлемі 376 гектар пайдаланылмай жатқан жер телімі анықталып, оның 25 га жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Медицина саласы бойынша Жамбыл ауылдық округінде төрт дәрігерлік амбулатория халыққа қызмет көрсетеді. Онда 15 дәрігер, 46 медбике және 14 техникалық персонал жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Ұлан ауылына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Нысанның құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайын. Енді облыстан қаражат бөлінуі күтілуде.
Жамбыл ауылында ұңғымалар бұрғылау және су мұнараларын орнату жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ Батан ауылында электр жүйелері жаңартылса, Жамбыл мен Ұлан ауылдарында электр жүйелерін жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалды. Оған қоса Жамбыл мен Ұлан ауылдарының арасындағы жолға және Жамбыл ауылының Нұра көшесіне жарық орнату жұмыстары жоспарланған.
Жоғарыда аталғандардан бөлек ағымдағы жылы округке қарасты бес көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Атап айтқанда, олар – Нұра, Жаңаталап, Нұрлы және Панфилов көшелері.
Осы және басқа да округтегі нәтижелі жұмыстар жайлы жергілікті халыққа Жасұлан Тоққожаұлы кеңінен баяндап берді. Мұнан кейін тұрғындарға сөз беріп, олардың тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарды талқылады.
Мәселен, микрофонды алғаш алған «Жайық» саяжайынан келген тұрғынның айтуынша, бүгінде мұнда біраз шешімін таппай жатқан мәселелер бар. Атап айтқанда, саяжайда жолдардың жағдайы жаман, асфальт төселмеген, көшенің қай жеріне қарасаң да қаңғыбас иттер өріп жүреді. Оның үстіне мұнда мектеп жоқ болғандықтан, балалар Қошмамбет ауылындағы жайлы мектепке баруға мәжбүр. Бірақ оларды тасымалдайтын автобус ескі әрі жөндеуді қажет етеді.
Бірінші сұрақ бойынша аудан басшысы жалпы саяжайлар өзіндік ішкі кооперативтік ережелерге сәйкес өмір сүретіндіктен, үкіметтің, оның ішінде жергілікті атқарушы органның оның мәселелеріне араласуына құқығы жоқ екенін жеткізді. Ондағы су, жарық тапшылығы секілді мәселелерді тек кооперативтің төрағасы мен мүшелері бірлесе шешуі қажет. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде ауданымызда шеттерде орналасқан саяжайларды елді мекен құрамына кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әр саяжай кезең-кезеңімен енгізіліп, «ауыл» мәртебесін алған соң, ол жақтағы мәселелерді шешу үшін аудандық бюджеттен қаражат бөлініп отырады. Жобасы жасалып, көшелер жөнделіп, қажетті әлеуметтік нысандар тұрғызылатын болады. Ал балаларды тасымалдайтын автобустың жағдайы бойынша Жасұлан Естенов аудандық білім бөлімінің басшысына тексеріс жұмыстарын жүргізіп, егер көліктің техникалық жағдайы, шын мәнінде, талапқа сай келмесе, ауыстырып беруді тапсырды. Қаңғыбас ит мәселесі туралы аудандық ветеринария бөлімі маманының айтуынша, қазіргі уақытта итті аулауға жауап беретін «Әбдіқалық» ЖК келісімшарт бойынша көрсетілген жоспарды толық орындаған. Алдағы уақытта бұл мәселенің шешу жолы қарастырылуда. Маманның бұл сөзін тыңдағын аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды назарда ұстау керек екенін айтты.
Ал Жамбыл ауылының тұрғыны балалар демалатын орынның жоқтығын айтып, мал жаятын жерге, бейіт орнына қатысты мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, бұл ауыл болғанымен, мал жаятын жер атымен жоқ. Сондай-ақ елді мекеннің ішінде балалар алаңы бар, бірақ, оның аумағы кішкентай әрі ондағы ойын құралдары әбден ескіріп кеткен. Одан бөлек соңғы кездері ауылдағы бейітте орын жетіспеушілігі артып келеді. Тағы біраз уақыттан кейін адам жерлейтін жер мүлдем қалмайтын болады.
Мал жаятын жер бойынша аудан әкімі қолданылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының аясында ауданға қайтарылған Үшқоңыр жотасының біраз аумағын қолдануға болатынын айтты. Осыған байланысты бірқатар бөлім басшыларына бос жерге сәйкес акт шығарып, округ әкіміне малын жайғысы келетіндердің тізімін жасап беруді тапсырды. Сол тізімге сай уақыт келгенде малы барлар Үшқоңыр жерлеріне жіберіледі. Балалар алаңы бойынша өткен жылы Ұлан ауылының Ағыбаев көшесінде шағын футбол алаңы қолданысқа берілсе, ағымдағы жылы Жамбыл ауылындағы Абай көшесінде STREET WORKOUT алаңын салу жоспарланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ аудан басшысы тұрғынның балалар демалатын жерлер көп болуы керек деген ойын қолдап, округ басшысына тағы бір ойын алаңын салуға жер іздеуді тапсырды. Үшінші мәселеге қатысты Жасұлан Естенов бейіт орналастыру үшін Батан ауылының жотасындағы бос жерлерден орын бөліп беруге болатынын айтып, аудандық сәулет және қалақұрылысы бөліміне қажетті мемлекеттік акт дайындауды жүктеді.
Жиында Батан ауылының тұрғындары тарапынан да бірқатар мәселелер көтерілді. Мәселен, осы ауылдың белсенділері аудан әкімі кездесу өтіп жатқан мектептің аумағында көлік қоятын тұрақ жасап, ауылда қоқыс жинайтын «Жәде» компанияның жұмысын ретке келтіріп беруін сұрады. Автотұрақ бойынша округ әкіміне мектеп қасынан жер тауып, жобалық-сметалық құжаттама жасауды міндеттеді. Ал қоқыс бойынша «Жәде» ЖШС-не тексеріс жүргізіп, компания шартты орындамаған кездері табылса, оларға сәйкес шағым жіберуді тапсырды.
Бұдан бөлек кездесу кезінде ауыл ардагерлері тарапынан округке жеке медициналық мекеме мен Мәдениет үйінің қажеттілігі жайлы айтылды. Бұған аудан басшысы Ұлан ауылында салынатын 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болып, облысқа өтінім жіберілгендігі туралы айтып өтті. Қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстары бірден басталады. Ал мәдениет саласына келер болсақ, қазіргі уақытта ауданымызға қарасты Жібек жолы және Әйтей ауылдарында 200 орындық Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде және Бекболат ауылының ескі Мәдениет үйінің ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалған. Әзірге осы жұмыстар бас назарда. Дегенмен алдағы жоспарда өзге округтерде өз Мәдениет үйлерін тұрғызу бар. Тек оның бәріне уақыт және қаражат қажет.
Жалпы есептік кездесу барысында қатысушылар жоғарыда аталғандардан бөлек өзге де маңызды әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Бұған байланысты аудан әкімі Жасұлан Естенов әрбір тұрғынның айтқан талап-тілегі ескеріліп, шешімін таппаған мәселелер зерделене келе, бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін түсіндірді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
