Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесінде «Baqyla» қоғамдық ұйымының атынан байқаушы болған Қали Кәрімханның айтуынша, бүгінгі өткен сайлаудың ерекшелігі саяси партиялардың көп тіркелуінде болды. Жалпы саяси науқан қызықты додаға айналды.
«№949 сайлау учаскесінде ешқандай заңбұзушылықтар болған жоқ. Бүгін сайлаушылар өз үйінің жанында тұрған сайлау учаскелерінде емес, бекітілген жерлерде дауыс берді. Сондықтан халық тіркелген жерін білмей қалған жағдайда туындаған түсініспеушіліктер болмаса, барлығы ойдағыдай өтті. Мұны біз заңбұзушылыққа жатқыза алмаймыз», – деді байқаушы.
Қали Кәрімханның сөзіне сүйенсек, бүгінгі өткен сайлаудың ерекшелігі – саяси партиялардың көп тіркелуінде. Сондықтан науқан өзара додаға айналды. Ал сайлаудың нәтижесін халық қызығып әрі ынтызарлықпен күтуі мүмкін.
«Бұл сайлау учаскесіндегі мамандар тарапынан мәдениетсіздік таныту секілді адами тұрғыдан еш кінәраттар болған жоқ. Жалпы адамдар өзінің даусы маңызды екенін сезініп, сайлау мәдениетіне енді үйренісіп келе жатқандай. Түсініспеушіліктер уақыт өте түзеледі. Сын-ескертпелер де анау айтқандай көп емес», – деді Қали Кәрімхан.