Қаскелең қаласындағы саябақта қайта жаңғырту жұмыстары қазан айының соңында аяқталып, демалыс аумағы жоспарға сай абаттандырылған болатын. Осылайша енді бұл жерде қала тұрғындары мен қонақтар үшін «эко парк жағалауы» қолайлы серуендеу орнына айналды.
Десе де саябаққа сән беретін көркейту жұмыстары ешқашан тоқтамайтыны анық. Күні кеше осы мақсатта Президент үндеген «Таза Қазақстан» акциясы аясында экошара ұйымдастырылды. Игі бастамаға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және ерікті жастар қатысып, саябақты көрікті етуге үлестерін қосты.
Жаңа көріністе абаттандырылған өзен жағалауы алдағы уақытта одан сайын жасыл желекпен жайқалмақ. Өйткені аталған экошара аясында 70 түп ағаш егілді. Оның ішінде 10 алма, 10 қайың және 50 қарағай тұқымдастар қамтылған.
Экошараға қатысушылар саябақтың екі шетіндегі демалу аумағына осы аталған ағаштарды егіп, белсенді жұмыс атқарды. Өз кезегінде облыс басшысы Шыңғыс Сайранұлы қарасайлық жастарға осындай көгалдандыру ісіне белсене қатысқандары үшін ризашылығын білдіріп, мұндай өнегелі істі одан әрі жалғастырып, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға шақырды.
Айта кетейік, саябақтың жалпы аумағы үш гектарды қамтиды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолы төселіп, бірнеше гүлзар айналаға ерекше сән беруде. Одан бөлек түнгі жарықтандыру мен 20 бейнебақылау камералары орнатылған. Балалар үшін арнайы ойын алаңдары мен қоғамдық қауіпсіздікке жауапты полицияның учаскелік пункті қарастырылған.
Бүгінгі күнге дейін демалыс аумағының бір гектардан астам жері көркейтіліп, абаттандырылды. Саябақ аумағына көгілдір шыршалар, қарағайлар, жеміс ағаштары, бір мың түп раушан гүлі, 1600 сәндік бұталар мен басқа да өсімдіктер отырғызылған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

