Еліміз бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны көңіл қуантарлықтай емес. Медицина қызметкерлері барын салғанымен, ауруға түгелдей төтеп беру мүмкін болмай жатқаны белгілі. Науқастардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Менің ойымша, жаппай тараған дерттің ушығуына тосқауыл болатын жалғыз жол – вакцина.
Аурудың алдын алатын, сақтанудың амалы болып саналатын екпе алуды мен де қолдаймын. Жауапкершілікті мойныма алып, ерікті түрде жақында мен де «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасын алдым. Оның І компонентін осы айдың 7-де қабылдадым.
Екпе салғызғаннан кейін жай-күйімде ешқандай өзгеріс болмады. Жанама әсер де байқалмады. Денсаулық жағдайым бірқалыпты болса, вакцинаның ІІ компонентін бірер күннен кейін, яғни, дәрігерлердің нұсқауымен 27-сәуірде қабылдауды жоспарлап отырмын.
Халықтың қауіпсіздігіне біздің де сала жауапты екенін айтқым келеді. Санитарлық талапты қанша сақтағанымызбен жұмыс барысында бірқатар адамдармен, әріптестермен жүзбе-жүз кездесіп, қоғамдық ортада тұрғындармен де тілдесіп жатамыз. Барлығының қауіпсіздігі үшін дер кезінде екпе алуды жөн санап, саналы шешімге келдім.
Жан саулығын ойлап, нақты қадамдар жасаған дұрыс. Жақынымызға жанашыр болып, сақтық шараларын ұстанайық!
Абай ТЫНЫШПАЕВ,
Қарасай аудандық полиция басқармасы
басшысының орынбасары, полиция полковнигі.