Жылдағы дәстүрмен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының кәсіптік-техникалық және даярлық бөлімі «Күз-2022» шақырылымының 400-ден астам сарбазын қарсы алып, жауынгерлік дайындықтарын шыңдауға кірісіп кетті.
Алғашқы әскери дайындықтан өтіп жатқан сарбаздар ҰҚК Шекара қызметінің сапына Жамбыл, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан және Астана, Көкшетау қалаларынан алыныпты. Араларында жоғары білімділер де кездесетін болашақ шекарашыларға дәрісті тәжірибелі офицерлер мен келісімшарт негізінде әскери қызметшілерден жасақталған нұсқаушылар өткізеді.
– Әскер қатарына күз айында шақырылғандардың ішінде жоғары және орта-арнайы оқу орындарын бітірген мамандар да болатыны заңдылық, – дейді Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Әмірбек Әкімбеков бізге берген сұхбатында. Бұл бір жағынан біздің жұмысымызды жеңілдете түседі. Неге десеңіз, оқуға түсіп, студенттік өмірді бастарынан кешіргендер «ұжым», «достық», «жауапкершілік» дегеннің не екенін терең түсінеді. Ал бұл ұғымдардың мемлекеттік шекараны күзету ісіне тигізетін көмегі зор екені белгілі.
Ұжым басшысы дұрыс айтып тұр еді. Қазақ атам «Тәрбие – талбесіктен басталады» дейді. Сол секілді, әскери ортаға алғаш қадам басқан әр сарбаз үшін ең алдымен өз ортасына қалыптасу – маңызды. Содан кейін ғана барып, әскери өмірдің дәмін татып көруге болады…
…Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Ә.Әкімбековпен кездесіп, журналистік іссапардың мақсатын түсіндіріп, аз-кем сұхбаттасқан соң орталық алаңда саптық даярлықтарын пысықтап жатқан сарбаздарға жақындадық.
Әр сарбаздың жүздеріне үңілгіміз келеді. «Жаңа өмірге қалыптасты ма? Ойларында не бар?». Көздерінен жарқыл іздейміз. Бізге керегі де осы от! Өйткені осы от – қиындықтан қайтпауға, жеңілдің үсті, ауырдың астымен жүруге үйретеді! Олар шекара дегеннің не екенін біле ме екен?!
– Иә, біледі, – дейді кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник Талғат Юсупов. Мұнсыз болмайды. Себебі, шекара – қателік пен асығыстықты, жауапсыздықты кешірмейді. Сондықтан біздің міндет – осы алаңда жаттығып жатқандардың жауынгерлік даярлықтарын шыңдап, ел шебіне қажетті мамандыққа баулып шығаруға тиіспіз. Солай етеміз де!
– Жақсы айттыңыз, подполковник мырза! Жас сарбаздардың сіздердің сенімдеріңізге селкеу түсірмегей!
Осындай тілекпен біз саппен жүрудің әдіс-тәсілдерін үйреніп жатқан сарбаздардың әрбір қимылын суретке түсіруге кірістік.
Енді бір айдан соң осынау сарбаздар алаңға салтанатты сапқа тұрып, туған Отанының шекарасына адал болуға ант береді. Ал санаулы күннен соң олар үшін бастапқы оқу кезеңі басталады. Бұл дегеніміз, ала таңнан кешке дейін тынбай дайындалуды білдіреді. Себебі шекарашы атану – мүмкін оңай болар, ал болу – қиынның-қиыны.
Сөйтіп, сарбаздар сап түзеді. Демек, ортаға жеребе тасталды! Осы алаңнан шекараға аттанғандардың арасынан болашақта шекарашы офицерлер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер шықпасына кім кепіл?! Мұны уақыт көрсетеді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.