Алматы облысы әкімдігінің 2023 жылғы 27 маусым № 207 қаулысы негізінде Райымбек ауданында аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген әскери міндеттілер тактикалық арнайы жаттығуларға шақырылды.
Оқу-жаттығудың мақсаты – аумақтық қорғаныс бригада ротасын жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру, ерекше маңызды объектіні күзету және қорғау жөніндегі бөлімшенің іс-қимылын пысықтау мен жауынгерлік үйлесімділікті арттыру. Жаттығулар барысында жеке құрам білімін жетілдіріп, аумақтық қорғаныс ротасының далалық дағдысы мен үйлесімділігін арттыру мәселелерін іс жүзінде пысықтады. Сонымен қоса, аумақтық қорғаныс бригадасының міндеттерін орындау кезінде жоғары жауынгерлік пен моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастырды.
Арнайы-тактикалық оқу-жаттығу үш кезеңнен өтті. Бірінші кезеңде рота жеке құрамы жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне жетіп, жұмылдыру барысын пысықтады. Оқу-жаттығудың екінші кезеңінде жауынгерлік үйлесімділікті ұйымдастыру мен өткізу мәселелері атқарылды. Бұл жаттығуға қатардағы жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер құрамындағы әскери міндеттілер жұмылдырылған. Кәсіби әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен олар теориялық және практикалық тұрғыда оқудан өтеді. Әскерде алған мамандығы бойынша машығын нығайтып, қару-жарақ және техникамен жұмыс істеу дағдыларын қайта жетілдіреді. Қорытынды үшінші кезеңде объектілерді күзетуді күшейту, заңсыз әскери құрамалардың бағытын айқындап жою, жауапты аймақ шегіндегі соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету және қолдау бойынша рота командирінің жұмысы ұйымдастырылды. Тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу әскери міндеттілерді тиімді оқытудың қажетті шарты болып табылады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Райымбек ауданы.