
Бұл Заң қабылданбай тұрып, 2014 жылдан бері Дүниежүзілік банк, Денсаулық сақтау министрлігі, шет ел және өзіміздегі мамандар бірлесіп, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен салыстырғандағы ерекшеліктерін ескере отырып, жан жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мысалға алып айтсақ, АҚШ, дамыған Еуропа мемлекеттерінде денсаулық сақтау саласында медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Олар осындай жүйенің тиімді екенін қазіргі күні дәлелдеп отыр. Бұл шет елдің медициналық сақтандыру жүйесін Қазақстанға көшіре салу дегенді білдірмейді. Республикамызда халықтың жағдайы ескеріліп, осы жүйе енгізіле бастағанда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына(әрі қарай Қор) төленетін жарналар(взносы) мөлшері белгіленді. Жарна мөлшері шет елдермен салыстырғанда анағұрлым төмен пайызда. Бұл болашақта еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтануына, медциналық көмек сапасының артуына, емдеу мекемелерінде материалдық-техникалық базаның нығаюына, тегін берілетін дәрілер тізбесінің кеңеюіне және басқа да үстемдіктерге алып келеді.
МӘМС-тің үш негізгі қағидаты қандай?
Міндеттілік: Қазақстан Республикасының әрбір тұрғыны міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне атсалысуы тиіс.
Әлеуметтік әділдік: әрбір сақтандырылған қатысушының төленген жарна мөлшеріне қарамастан, қызметтің толық пакетін алу құқығы.
Ниеттестік: денсаулық сақтау саласының ауыр жүгі мемлекет, жұмыс беруші және әр адамның өз мойнында.
2017 жылдың 1-шілдесінен жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін 1%, 2018-2019жж. 1,5%, 2020-2022жж. 2%, 2022-2023жж. 3% көлемінде Қорға аударымдар жасайды. Жеке кәсіпкерлер екі айлык орта есептік жалақыдан 5% көлемде (шамамен 2800тг) Қорға жарна аударуы тиіс. Әлеуметтік белсенді емес топтар бір айлык орта есептік жалақыдан 5% көлемде (шамамен 1500тг) Қорға жарна аударуы тиіс. Мемлекет әлеуметтік әлсіз топтар үшін (14 категория) 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап ҚР Заңнама Жобасы бойынша 3,75%, 2019-2020жж. 4%, 2020-2023жж. 4-5% көлемде аударымдар жасайды.
Сақтандыру пакетіне не жатады?
Жалпы, медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын базалық пакет. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, амбулаторлық-емханалық көмекті, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелер. Екінші пакет – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Оның аясында алғашқы медициналық, амбулаторлық және стационарлық көмек, медициналық реабилитация, паллиативті көмек, жоғары технологиялық операциялар тегін көрсетіледі. Жаңа жүйе медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттыруға серпін береді. Ал, бұл қызмет көрсету сапасына ықпал ететіні анық. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтуға негіз болады. Осы орайда айта кетері, жалпы жаңа жүйе бойынша ортақ тариф жасалады. Содан кейін мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер арасында байқау жарияланып, тек үздіктері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік алады.
Қазіргі таңда ауданда 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, яғни, әлеуметтік әлсіз топтарды есептемегенде жұмысқа қабілетті адамдар саны (ТТР-тұрғындарды тіркеу регистрі бойынша) 18-57 жас аралығындағы әйелдер саны-64336, 18-62 жастағы ерлер саны-64272, жалпы-128608. Бізге қажетті осы нысана топ 128 608 адамның МӘМС жүйесі жөнінде ақпаратпен қамтылғандар саны 81228-ге жетті. Бұл 63,2%-ы құрайды.
Жұмыспен қамту орталығының мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан Республикасының барлық аумағында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетініне байланысты ауданда 2017 жылдың сәуір айының 1-нен бастап мәртебесі анықталмаған азаматтардың мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Барлығы аудан бойынша мәртебесі анықталмаған 101244 азаматтың тізімі берілді. Бүгінгі күнге 72500 азаматтың мәртебесі анықталды. Ол 72% құрайды.
Қорыта айтқанда, алдағы уақытта МӘМС жүйесінде сапалы медициналық көмек алу үшін тұрғылықты жер бойынша өз емдеу мекемелеріңізде тіркеуге тұрып, уақытында Қорға жарна аударып, әлеуметтік мәртебелеріңізді білу үшін Жұмыспен қамту орталығына, жергілікті әкімдікке, болмаса Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттарыңызбен барып мәртебелеріңізді анықтаңыздар.
Ербол САРСЕНБАЕВ,
аудандық орталық аурухана директорының м.а.[:]