1991 жылы Қазақстан жеке мемлекет болып, еңселі елдігіміз танылған болатын. Содан бері біраз уақыт өтіп, Отанымызда көптеген жақсы өзгерістер орын алды. Тіпті, еліміз егемендік алған тұста дүниеге келген балалар қазіргі күні отызды еңсерген азаматтар болып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосуда. Сондай жастардың қатарында Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасында еңбек етіп жүрген дәрігер-маммолог Сания Нұраханқызы да бар. Осы ретте еліміздің мерейтойы аясында және де алда келе жатқан медицина қызметкерінің мерекесі қарсаңында Санияның өмірі, қызметіндегі қызығы мен қиындығы жайлы сіздерге жақынырақ таныстырып өтуді жөн көрдік.
Тоғыз жыл бойы медицина саласында білім нәрімен сусындаған тәуелсіздіктің құрдасы Сания Нұраханқызы бүгінде ауданаралық көпсалалы ауруханада дәрігер-маммолог қызметін атқарады. Жарқын жүзінен қарапайымдылық нышаны анық аңғарылып тұратын жас маман 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Машат ауылында дүниеге келген. Үйдің кенжесі Сания көптеген жылдар бойы ұстаздық жолында адал еңбек етіп келе жатқан аналарын үлгі тұтып, ұстаздықты қалаған ағасы мен әпкесінен басқа жол тандап, бала кезінен дәрігер болуды ғана армандаған екен.
– Ақ желеңді абзал жандардың қатарында болу менің бала күнгі арманым еді. Кішкентай кезімде үнемі өзімнің ойыншықтарымның «жүрек қағысын, демін тексеріп» ойнайтын едім. Дәрігерлер қатарында істейтін анамның інісіне, нағашы ағама қызыға қарап, өзімді болашақта мықты кардиолог ретінде көп елестететінмін. Менің осындай қызығушылығымды байқаған анам өзі мұғалім болғанына қарамастан, маған ылғи да сен болашақта дәрігер боласың, деп көп айтатын. Тіпті, мектепті аяқтағаннан кейін де маған көп қолдау көрсетіп, мені Алматы қаласындағы медицина университетіне оқуға түсірді, – деп өзінің балалық шағын еске алды кейіпкеріміз.
Өз арманына жету үшін ол туған ауылында анасы сабақ беретін орта мектепті тәмамдап, еліміздің көптеген мықты дәрігерлерін оқытқан С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне түседі. Аталған оқу орнында 2008-2013 жылдары «жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалаврды аяқтайды. 2013 жыл Сания үшін тек оқуының алғашқы сатысының аяқталуымен ғана емес, сондай-ақ, басқа да маңызды оқиғамен есте қалған. Бұл жылы ол болашақ жары Мұхтармен танысады. Бір жылдан кейін оған тұрмысқа шығып, өзінің отауларын құрған олар бүгінде Қарасай ауданында тұрып жатыр. 2013 жылы Сания өзінің біліктілігін әрі қарай жетілдіру үшін аталмыш жоғарғы оқу орнының интернатурасына түсіп, 2015 жылы «терапевт» мамандығын меңгерді. 2015 жыл да Сания үшін ерекше қуанышты сәтпен есте қалған. Себебі, ол осы жылы өзінің тұңғыш баласын дүниеге әкелді. Осыған байланысты бір жылға демалыс алған ол үйінде бос отырғысы келмей, ауданымыздағы ауруханаға учаскелік терапевт ретінде жұмысқа кіреді. Мұнда біраз уақыт еңбек етіп, 2016 жылы Қазақ онкология және радиология институтының резидентурасына түсіп, оны 2019 жылы тәмамдап, онколог маманы болып шығады.
«Жас келсе – іске» дегендей, жас маман кейін ауданаралық көпсалалы ауруханаға дәрігер-онколог ретінде жұмысқа кіреді. Кейіннен өзінің саласындағы бағытын біраз өзгертіп, 2020 жылдан дәрігер-маммолог болып еңбек ете бастайды. Бүгінде ол соңғы жылдары әйелдер арасында көбейіп келе жатқан қатерлі ісікті емдеумен және де оның алдын алумен айналысады.
– Біз екі жылда бір рет ауданымыздағы 40-70 жас аралығындағы әйелдерді скринингтен өткізіп отырамыз. Өйткені, бүгінде көптеген әйелдер өздерінің қатерлі ісікпен немесе оған алып келетін өзге де аурулармен ауыратындықтарын білмейді. Өткен жылдың өзінде ауданымыздың 53 тұрғыны осы аурумен тіркелген. Олардың 23-ін скрининг арқылы анықтап, уақытылы емделуге жібердік. Бүгінде біз бұл емделушілердің барлығын тізімге кіргізіп, олардың уақытында ем алып, ауруын асқындырып алмауын қадағалап отырмыз. Бұл салады істегеніме көп болмаса да біраз нәрсені көріп үлгердім. Адамдардың осы аурумен күресіп, оны женгендердің қуанышты күлкілерін, ауруға төтеп бере алмай кеткен адамдардың артында қалған жақындарының көз жастарын көрдім… Әрқайсымыз ең бірінші кезекте адам баласы болғандықтан, бұның бәрі менің тек есімде ғана емес, сондай-ақ, жүрегімде де өз ізін қалдырды… Сондықтан да дәрігер маман, адам ретінде басқаларға айтарым, өз денсаулықтарыңызға баса ден қойып, біраз уақыттарыңызды дәрігерге қаралуға жұмсағандарыңыз жөн. Себебі, жақсы денсаулық адам өміріндегі ең маңызды қажеттіліктердің бірі, – дейді дәрігер.
Мамандығының қиындығына қарамай өзінің жұмысына барша беріліп істеп жүрген Сания бүгінде медицина қызметкері ретінде міндетін адал, абыроймен атқарып келеді.
Өзінің жұмысына жауапты, жылы жүзімен, сабырлы да салмақты мінезімен әріптестерінің ортасында сыйлы Сания тек жақсы маман ғана емес, сондай-ақ, бүгінде бір әулеттің берекесін айрандай ұйытып отырған ибалы келін, адал жар, аяулы ана. Жұбайы Мұхтар екеуі үріп ауызға салғандай екі бала тәрбиелеп, өте жауапты жұмысына қарамастан отбасы мүшелерінің бабын жасап, алға қадам басып келеді. «Мұнын барлығы да ең бірінші кезекте менің енемнің арқасы!» дейді кейіпкеріміз.
– Менің енем тамаша адам, – деп әңгімесін бастады тағы да. – Ол кісі күйеуім сияқты маған әрқашан қолдау көрсетіп отырады. Алғашқы баламды дүниеге әкелгенде де, оқуымды жалғастырамын дегенде де менің бір жағыма шығып, балаларыма қарау, оларды балабақшаға апару деген сияқты істерді өз мойынына алып, көп көмектесетін. Бүгіннің өзінде жұмысым болсын, не басқа да жағдай болсын әрдайым мені барынша қолдап жүреді. Сондықтан менің ата-енеме айтар алғысым шексіз.
Азат елдің құрдасы болудың өзін зор құрмет, үлкен абырой деп санайтын жас дәрігердің болашақта өз саласы бойынша білікті маман болудан басқа да алдына қойған мақсаттары, білгісі, үйренгісі әрі көргісі келетін нәрселері жетерлік. Олай болса келешектің кемел күндеріне қол созып, баянды болашаққа жол бастаған Қазақ елінің Тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында жүрген өзге жастар сынды Санияға да тек сәттілік тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.