Сүлеймен Демирел университетінде осымен алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Денсаулық күні акциясы биыл да жалғасын тапты. «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шара барысында дәрігерлер тегін кеңестерін берді. Атап айтар болсақ, аудандық орталық аурухананың орта буын қызметкерлері Жұлдыз Алымжанова, Олеся Дәулетбаева, Жансұлу Өмірзақова студенттер мен оқытушылардың қанының қысымын, қанттың және холестеринін тексеріп тез арада нәтижелерін шығарып берді. Ал, маммолог Динара Бекжанова әйелдерді жеке кабинетте қабылдап, тіпті, ем-домын да жазып беріп жатты. Мұнан бөлек жеке «Достармед» клиникасынан жоғарғы санаттағы невропатолог Еркінбек Шаяхметов пен «Сема» клинакасының терапевті Роза Абдухаликова да өз салалары бойынша қызметтерін ұсынды. Бір күнге созылған акция бағдарламасы бойынша дәрігерлер қабылдауынан бөлек, түрлі семинарлар мен сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, облыстық ЖИТС-ке қарсы орталықтың қызметкерлері де келіп, шараға қатысушылар АИТС вирусының жоқтығын растайтын сараптамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Ал, аудандық орталық аурухананың аурулардың алдын алу және психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Таждинова студенттердің өкпесіндегі көмірқышқыл газының мөлшерін «Smokiloigen» аппараты арқылы тексерді. Айтуынша бір шылымнан кейін өкпедегі көмірқышқыл газы өкпеде 8 сағатқа дейін кетпеуіне байланысты күніне темекінің 1,2 қорабын шегетін адамдардың көпшілігі онкологиялық ауруларға шалдығып жатады. Міне, бұл шараның да мақсаты жастардың арасында ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеудің бағыт-бағдарын көрсету, медициналық қадағалаудан уақтылы өтіп тұрудың маңыздылығын түсіндіру еді. Жалпы шараны аталмыш жоғарғы оқу орны ішінен құрылған «Қызыл Ай» еріктілер клубы, СДУ дәрігері Дариға Ермекбаева мен аудандық орталық аурухана әкімшілігі бірлесе отырып ұйымдастырған. Акцияда универститет белсенділері флешмоб пен ойындарды көпшіліктің назарына ұсынды. Ал, тексерістен өткен әрбір студенттке тәттілер мен түрлі жемістер берілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.