«Егер мұғалім өз бойында іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз», – депті орыс жазушысы Лев Толстой. Өнегелі өмірінің 47 жылын бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуге арнаған Әсемгүл Темірқұлова – осындай кемел ұстаздыққа жеткен жандардың бірі. Ол 1950 жылы 20 шілдеде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қызыл әскер ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнында білім нәрімен сусындады. Тарих пәнінің мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолын Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен бастады.
Жоғары оқу орнында алған білімін үздіксіз көтеріп, оқуы мен ізденісін тоқтатпағаннан шығар, оның мұғалімдік қызметі табысты мансабына жол ашты. Өзі білім беретін пәнді ғана емес, мектепте оқыған әр баланы жан-жүрегімен жақсы көрді. Мұғалімдік мейірімін төкті. Осылайша білікті маман, ұлағатты ұстаз мектеп басшыларының назарына ілікті. Сөйтіп, Әсемгүл Құрмашқызы директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Осы қызметінде шыңдалып, мол тәжірибе жинап, қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімін иеленген білім шаңырағында 20 жыл бойы мектеп директоры болып еңбек етті.
«Егер мұғалім өте беделді болса, онда бұл мұғалімнің тәлім-тәрбиесінің іздері кейбір адамдардың бойында өмір бойы қалып қояды», депті бір данышпан. Сол айтқандай, Әсемгүл Құрмашқызының кемел ұстаз ретінде берген білімі, көрсеткен өнегесі әр шәкіртінің жүрегінен орын алды. Осы бітім-болмысы арқылы ол зор даңққа қол жеткізіп, қуанышқа кенелді. Күллі саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған адамға бұдан артық ешқандай бақыт жоқ шығар.
Әсемгүл Құрмашқызының озық ойлы, білімді шәкірттері қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Олардың әрбір жетістігі мен табысы – ұлағатты ұстазы үшін баға жетпес бақ, қайталанбас қуаныш. Адами бақытыңыз баянды болып, ұзақ ғұмыр кешіңіз, қадірлі, кемел ұстаз!
Айдарбек МҰСА,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің
10 «Е» сынып окушысы.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
