Қарасай ауданында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне арналған арнайы салық режимі бойынша мөлшерлеме 4%-дан 2%-ға төмендетілді. Бұл бастама аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары мен бірқатар кәсіпкерлер тарапынан жасалған ұсыныстар негізінде қабылданып, аудандық мәслихаттың толық қолдауына ие болды.
Ағымдағы жылдың басында Үкімет салық реформасын қолға алып, қосылған құн салығын (ҚҚС) 20%-ға дейін көтеруді ұсынған. Алайда көптеген кәсіпкерлер тарапынан наразылықтар айтылғандықтан, жарты жылға созылған қызу пікірталастан кейін, ҚҚС 16% болады деп шешілді. Шілде айының 18-і күні Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Соған сәйкес жаңа заң ережелері 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Бұл бастама әлбетте, елдегі салық жүйесін түбегейлі өзгертпек. Яғни, жаңа кодекске сай, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап шағын және орта бизнес үшін ҚҚС мөлшері 12%-дан 16%-ға көтеріледі.
Осыған байланысты Қарасай аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары шағын кәсіпкерлікке түсетін жүктемені азайту мақсатында салық мөлшерлемесін төмендету мәселесін көтерді. Фракция депутаттары бұған дейін де аудан кәсіпкерлеріне салық ауыртпалығын азайту мәселесін көтеріп келген еді. Олар бизнес өкілдерімен бірнеше кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстарын тыңдап, мәселені мәслихаттың талқылауына шығарды. Осылайша, аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде мәслихаттың кейінгі отырысында арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 2%-ға төмендету туралы шешім қабылданды.
Депутаттардың айтуынша, ауданның шағын бизнесі енді айтарлықтай оңай жұмыс істей алады. Ашып айтқанда, өңірдегі шағын бизнестің айтарлықтай бөлігі дүкендер, қызмет көрсету орталықтары, салондар, шағын шеберханалар және фермалар болғандықтан, өсім оларға қосымша қаржылық ауыртпалық түсірер еді. Ал төмендетілген мөлшерлеменің сақталуы бизнестің жабылмауына, қызметкерлердің қысқармауына, мыңдаған кәсіпкерлердің өздерін сенімді сезінуін және тұрақты түрде дами алуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өз қаражаттарының бір бөлігін сақтап қалуға және жалдау ақысына немесе жалақыға инвестиция салуға мүмкіндік береді.
Жаңа мөлшерлеме 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
