Еліміздің азаттығын айқындайтын тәуелсіздігімізге биыл 28 жыл толып отыр. Айтулы мерейлі мейрамның қарсаңында, өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өз деңгейінде атқарылып, Қарасай ауданының жұртшылығы думанды жиында бас қосты.
Мерекенің құрметіне орай ұйымдастырылған кештің басында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты бейнеролик көрсетіліп, онда ауданымыздың бүгінгі күнге дейін жеткен жемісті жетістіктері тізбектеліп, көпшілікке ұсынылды. Үлкен экрандағы әсерлі көрсетілімнен кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен жиналған көпшілікті құттықтай келе, аудан бойынша атқарылып жатқан игі істерге де қысқаша тоқталып өтті. Ізгі тілегін білдіргеннен кейін Жандарбек Ермекұлы бірқатар азаматтарды құттықтап, арнайы марапаттады. Олардың қатарында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің Құрмет грамотасына ие болған аталмыш партияның аудандық филиалындағы сектор меңгерушісі Абылай Манабаев, «Nur Otan» партиясы Алматы облысы филиалы төрағасының орынбасары Г.Тойлыбаеваның Алғыс хатын алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова және «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының қоғамдық қорының президенті Тәжіғали Ходжамұратов бар еді. Сондай-ақ, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Алғыс хатына лайықты деп танылған «Іргетас-Құрылыс 2» ЖШС директоры Әлібек Сәрсенов те болды. Дәл осындай мадақтаулардың ретін аудан әкімі өз атынан да өңірдің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген белсенді қызметкерлерді марапаттай келе, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудан басшысы Жандарбек Далабаев «7-20-25» және «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша бірқатар қарасайлықтарға пәтер кілтін табыстап, мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты шараның барысында ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев сөз сөйлеп, «Тәуелсіздік» ұғымының қаншалықты қымбат, қастерлі екенін жалпақ жұртқа әсерлі етіп жеткізді.
Осылайша, Мәдениет үйіндегі мерекеге орай ұйымдастырылған маңызды жиынның барысы жылы лебізді құттықтаулар мен мәртебесі бөлек марапаттарға ұласып жатты. Өз кезегінде аудан өнерпаздары да кештің көркін әуезді ән-жырмен көркемдеп, думанды басқосуға келгендерді рухты әсерге бөледі.
Дидар МУХАМАДИЕВ.