Ұмтыл ауылдық округінде салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында әрі Отбасы күні аясында «Салт-дәстүрім – қазынам» атты тағылымды шара өтті. Бұл игі бастама ұлттық құндылығымызды ұлықтап қана қоймай, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға, жас буынға өнегелі тәрбие беруге арналды.
Айтулы шараның басты мақсаты – ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрыпты қайта жаңғырту, әр этностың мәдениетіне құрметпен қарау, ата-баба аманатын сақтай отырып, жас ұрпаққа отбасы құндылықтарының мәнін жеткізу. Осы орайда қазақ халқының ғана емес, елімізде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отырған өзге этностардың да салт-дәстүрі таныстырылды.
Ұлттық құндылықтар паш етілген шарада қазақ халқының тұсаукесер рәсімі көрсетілді. Онда ауыл ақсақалдары мен аналар жас балапанның тұсауын кесе отырып, болашағына ақ жол тіледі. Осы ретте «Парасат» ардагерлер хорының мүшесі Рустам Абдалимұлы ақ батасын берді.
Сондай-ақ Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов та сөз сөйлеп, бабадан келе жатқан дәстүрдің жас ұрпаққа берер тәлімі жөнінде ой қозғады.
«Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған асыл қазынасы – әдет-ғұрып пен дәстүр. Бұл – бізге ата-бабамыздан қалған рухани мұра. Оны дәріптеу – болашақ алдындағы парызымыз», – деді ол.
Ал өз кезегінде «Асыл аналар» ұйымының төрағасы Ұлтусын Амангелдіқызы отбасы құндылықтарының, ананың тәрбиедегі рөлінің мәнін ерекше атап өтті.
«Берекелі отбасы – мықты мемлекеттің іргетасы. Әр әдет-ғұрып – ұрпаққа қалдырылған аманат. Біз оны сақтап, кейінгіге жеткізуіміз керек», – деді ол.
Ауылдың ата-апалары да жас ұрпаққа тәлім берерлік кеңестерін айтып, өнегелі ойларын ортаға салды. Олардың айтқан сөздері мен өмірлік тәжірибесі жас буын үшін құнды сабақ болды.
«Салт-дәстүрім – қазынам» атты тағылымдық шара өз дәрежесінде өтіп, ауыл тұрғындары әдет-ғұрыптың ұлтты біріктіретін алтын қазына екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
