Өткен аптаның жұмасында, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының демеушілігімен, Қарасай ауданындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 200 балаға қайтарымсыз ноутбуктер тарту етілді.
Оқу жылын онлайн бастаған көптеген мектеп оқушыларына қажетті құрылғы жетіспей жатқаны жасырын емес. Осы мәселені шешу үшін атқарушы билік барлық мүмкіндікті пайдалануда. Бюджет қаржысына мұқтаж отбасылар үшін компьютер техникасын сатып алу жалғасуда. Бұл іске демеушілер де өз үлесін қосып жүр.
Қашанда қайы-рым жасаудан қалыс қалмайтын «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының қаражаты есебінен 1000 дана ноутбук мектеп оқушыларына үлестірілген болатын. Оның 500 данасы Алматы қаласына берілсе, 200 данасы Талдықорған қаласындағы балаларға үлестірілді. Ал, 200 данасы жуырда Қарасай ауданындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп оқушыларына сыйланды. Оны облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова өз қолымен табыстап, балаларға ізгі тілегін білдірді.
Ноутбуктердің 65-і мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне, қалған 35-і өзге аудандарға берілетін болады. Барлық ноутбук бейнекамераларымен жабдықталған, оған қоса жиынтықта сымсыз тышқан мен тышқанды кедергісіз қозғалтуға арналған кілемшелер бар. Бұл оқушылардың zoom-конференцияларға оңай қосылуына мүмкіндік береді. Ноутбуктердің барлығы «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының есебінен алынғандықтан, балаларға тегін және қайтарымсыз берілді. Қашықтан оқыту аяқталғаннан кейін де оқушылар бұны әрі қарай сабақ оқуға пайдалана берулеріне болады.
Айта кету керек, аудандық білім бөлімінің берген мәліметінше, Қарасай ауданында 231 жетім бала бар. Олардың 170-і таза жетім, ал, 61-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.