Халықтың қашанда мемлекеттiк аппаратқа деген көзқарасы, сенімі мемлекеттiк қызметтiң сапасымен және қолжетiмдiлiгімен өлшенетіні ақиқат.
Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге әсіресе, оның ішінде жас мамандарға қойылатын талаптар өте жоғары. Олар бүгінде тек білімді, білікті және әдепті болып қана қоймай, сондай-ақ аудиторияны, қауым жұртты өзіне қарата алатындай шешендік қасиетке де ие болуы керек.
Осы ретте жақында Алматы облысындағы жас мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшілер арасында достық қарым-қатынасты нығайту, көшбасшылық, бастамашылдық, жауапкершілік, ынтымақтастық, өзгерістерді басқару сияқты құзыреттерін және сөз шеберлігін дамыту болып табылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар мемлекеттік қызметшілердің күтпеген жағдайларда жедел әрекет ету секілді маңызды, икемді дағдыларды сапалы шеберлеуге мүмкіндік береді.
Аталған турнирге облысымыздың Қонаев қаласы мен бірқатар аудандардан мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлерінен құралған, сөзге шебер 8 топ қатысты. Олардың арасында Кеген ауданының Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рустем Алимов пен Шырғанақ ауылдық округінің әкімі Ернар Сарыбаев та болды.
23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне орай американдық-парламенттік форматта (АПФ) өткізілген сайыста тәжірибелі, республикалық, облыстық сайыстардың жүлдегерлері төрешілік етті. Әр топ екі қызметшіден құралып, берілген тақырыпқа сай жоғары деңгейде ойын көрсетті.
Сөз сайысының қорытындысы бойынша бірінші орын Қарасай ауданына бұйырды. Ал екінші жүлделі орынды Кеген ауданының қызметкерлері иеленді. Үшінші орынға Іле ауданының мемлекеттік қызметшілері жайғасты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен марапатталды. Оларға 200 000, 150 000, 100 000 сертификаттары табысталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.