2005 жылы Еуропалық сайлауды ұйымдастыру-шылар қауымдастығының бастамасымен жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні болып бекітілді. Бұл шешім БҰҰ-ның тарапынан қолдау тауып, кәсіби мереке ретінде белгіленген. Биыл саяси айтулы күн ақпан айының алғашқы күніне сәйкес келіп отыр.
Азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге арналған Дүниежүзілік сайлау күнінің маңыздылығын ескере келе, Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Амановамен тілдесуді жөн көрдік. Әлемдік саяси мерекенің мақсат-міндетін сөз етіп, осы күннің аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталдық.
– Ғалия Матанқызы, Дүниежүзілік сайлау күні биыл 1 ақпанға сәйкес келіп тұр екен. Өзіңіз сайлау жүйесінде қызмет етіп жүргеніңізге біраз жыл болды. Осы ретте айта кетіңізші, бұл датаның белгілеудегі мақсаты неде? Сондай-ақ бұл күнді өткізудің басты міндеті қандай?
– Бұл күнді атап өту дәстүрі 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен қолға алынған. Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтудің де өзіндік себебі бар. Өйткені Халықаралық сайлау туралы келісімдерге ақпан айының басында қол қойылған. Дүниежүзілік сайлау күнін құра отырып, ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне адамдардың назарын аударуға тырысты. Дүниежүзілік сайлау күнінің басты міндеті – қоғам санасында демократияландыру үдерісінің қайтымсыздығын растау, халықты сайлау үдерісіндегі жетістіктер туралы хабардар ету, жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұмтылысты қалыптастыру.
– Ал осы Дүниежүзілік сайлау күнінің маңыздылығын түсіндіру бойынша ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ақпанның алғашқы бейсенбісіне бекітілген кәсіби мерекенің аясында Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы іс-шаралар жоспарын бекітіп, сол бойынша ақпараттық түсіндіру бағытында жұмыстар атқарды. Атап айтар болсақ, жақында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында және аудандық кітапханада қарасайлық жастармен дөңгелек үстел форматында кездесулер ұйымдастырылды. Оған өзіміздің аудандық аумақтық сайлау комисиясының өкілдерінен бөлек, аудандық Ішкі саясат бөлімінің және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты. Сонымен қатар, Дүниежүзілік сайлау күнін өткізу бойынша аудандағы бірқатар мектепте де іс-шаралар өтті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы білім бөлімімен бірлесіп, В.Белинский, О.Жандосов атындағы орта мектептердегі және әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдегі жоғарғы сынып оқушылары арасында ашық сабақтардың өтуіне ықпал етті. Онда Қазақстандағы сайлау жүйесіне байланысты және Президент пен Парламентке қатысты заңдық тұрғыда ақпараттар айтылды.
Әлемдік сайлау күнін өткізу аясында ашық есік күндері де ұмыт қалған жоқ. Мұндай шараны Қарасай аудандық кітапхана мен Абай атындағы мектеп-гимназиясы өткізді. Дәл сол сияқты айтулы күннің маңыздылығын түсіндіру мақсатында аудандағы үкіметтік емес ұйымдарының және «AMANAT», «Ауыл» сияқты партиялардың өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
– Әңгімемізге арқау болған тақырыпты ашып, ақпарат жеткізу тұрғысында талқыладық деген ойдамын. Оқырмандарға түсінікті болу үшін сөз соңында елдегі сайлау жүйесіне қысқаша тоқталып, Сіз төрағалық ететін аумақтық сайлау комиссиясының жұмысын айта кетіңізші.
– Біздің еліміздің сайлау жүйесі Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау тәртібін білдіреді. Одан бөлек «жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығы» деген түсінік бар. Ол дегеніміз – республика азаматтарының 18 жасқа толған кезде сайлауға қатысу құқығы. Қазақстан Республикасындағы сайлау азаматтың өзiнiң мемлекеттiк және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi.
Айта кету керек, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес 2021 жылдан бастап аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы сайлау округінің аумағында өткізіледі. Бұл жаңашылдық бағыт бойынша ауданымызда талай сайлаулар өтті. Ал оның өтуіне аудандағы аумақтық сайлау комиссиясы жауапты. Сондай-ақ Қарасай аудандық мәслихаты депутаттарын сайлау жөніндегі 30 округтік және 111 учаскелік сайлау комиссиялары құрылған. Олардың құрамында жалпы саны 974 комиссия мүшелері бар.
Қорыта айтқанда, сайлауды ұйымдастыру және оны ойдағыдай өткізу азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мен тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуын көздейді. Осыны ескергеніміз жөн.
– Ақпаратыңызға рақмет, Ғалия Матанқызы!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.