Жасыратыны жоқ, бұрындары үндінің шайын ішсек, соңғы кездері кафе мен мейрамханаларда Ташкенттің сусынына шөлімізді қандырып жатамыз. Одан қалса Қытай елінің дәрісін пайдаланып, дертімізге дауа табамыз. Ал түптің түбіне келгенде осының бәрі шөптен дайындалатын өнімдер екені айдан анық. Осындай өзге елде шығарылатын заттардың орнын басып, бәсекелестікті арттыру мақсатында біздің елімізге «SAAD» деген атаумен отандық жаңа компания нарыққа қадам басты. Табиғи әрі таза өнім ұсынатын аталған серіктестіктің өндіріс орыны Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауылында орналасқан.
Бұл компания отбасылық кәсіп болғандықтан, атқаратын қызметі жан-жақты. Негізгі мақсаты – желілік маркетингке негізделген. Өйткені қазіргі уақытта жарнаманың күшінсіз тауарды сату оңайға соқпайды.
Ал енді бір бағыты өнім өндірумен айналысады. Осы ретте шаруасы жанданып, жұмысы жүйелі түрде жүріп жатқан Жармұхамбет ауылындағы серіктестіктің өндірістік ортасын ерекше айтуға болады. Аталған елді мекеннің маңайы талай кәсіпорындардың сәтті ортасына айналғандықтан, өте қолайлы орын болып отыр. Дәл осы жерде компанияның отандық өнімдері дайындалып, халыққа таратылуда. Мұнда 11 адам жұмыс істесе, соның көбісі – Жармұхамбет ауылының тұрғындары.
Жақында өндіріс орнымен танысу үшін арнайы түрде аталған елді мекенге барып қайттық. «SAAD» компаниясының құрылтайшысы әрі директоры Дархан Бекпанов нарыққа қадам басқан қазақстандық жобаның бүгінгі қызметі мен негізгі мақсатымен таныстырып, алда атқарылатын жұмыстарымен бөлісті.
«Бұл компанияны ашу осыдан үш жыл бұрын жоспарлаған едік. Отбасылық кәсіп болғандықтан, біздің атқаратын қызметіміз көп. Елімізде пайдалы өсімдіктер мен шөптердің тамырларын пайдаланып, солардан фитошай шығару туралы ой келді. Өйткені олардың қасиеті жоғары, пайдасы мол. Мәселен, бүгінде сұңғыла тамырлары көбінесе шетелге экспортталады. Неге соны өзімізде пайдаға асырмасқа деп, одан өнімдерді өзімізде дайындап жатырмыз», – деді компания құрылтайшысы Дархан Жексенбайұлы.
Ғаламтор беттеріндегі деректерге сүйенсек, расымен, сұңғыла өсімдігінің тамыры өте пайдалы және оның емдік қасиеті жоғары екен. Тіпті, Қытай елі аталған арамшөпті елімізден сатып алып, одан дәрі жасап қайтадан өзімізге сатып жатқан көрінеді. Өйткені сұңғыла шөбі Қытай, Тибет медицинасында бауыр ауырларын емдейтін таптырмас шөп болып табылады. 2006 жылы бұл өсімдіктің тамыры 15 теңгеге бағаланыпты. Ол көбінесе Бетпақдалада және Мойынқұм құмында көктем мезгілінде өседі.
Ал «SAAD» компаниясы сұңғыла тамыры арқылы шай өнімдерін дайындап, отандық жеке бренд қалыптастырудың тамаша тәсілін ойлап тапқан. Басқа өндірістермен салыстырғанда өзіндік айырмашылықтары бар. Мысалы, 10 кг сұңғыланы өңдегенде одан небары 1-1,5 кг ғана қалдық қалады. Өнімнің дайындау технологиясына тоқталар болсақ, алдымен тамыр жуылғаннан кейін кептіріледі. Ол ұсақталып болған соң қайта кептірілуі тиіс. Егер олай жасамаса, белгілі мөлшердегі температурада батпақтың иісі шығуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін нормадан ауытқымау керек. Себебі ол температурадан асып кетсе, қасиеті жойылады. Содан кейін араластырылып, сұңғыланың тиімділігін еселеп күшейтетін арнайы қоспаларымен таза өнім әзірленеді. Міне, осылайша оның табиғи емдік қасиеті артады.
«SAAD» компаниясының дерегіне сүйенсек, отандық өнім болып табылатын шайдың пайдасы мол. Ол бүйрек, қан тамырлары ауруларын, белсіздікті, бедеулікті емдейді, ұмытшақтықтың алдын алады, жүйкені тыныштандырады. Антиоксиданттық сипаты тұрғысынан көк шайдан 10-15 есе пайдалы, яғни ол ағзадағы түрлі токсин, вирустарды сыртқа шығарады, сондай-ақ тағы бір басты қасиеті – иммунитетті күшейтеді.
Компания құрылтайшысы Дархан Жексенбайұлының айтуынша, өндірістік орын отандық өнім ретінде шайдан бөлек, биологиялық белсенді қоспа ретінде хлорелланы дайындайды. Одан бөлек аталмыш серіктестік Корей, Қытай, Түркия елдерінен косметикалық, тұрмыстық сапалы өнімдерді тасымалдап, тиімді бағада халыққа ұсынады. Осының барлығы қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпіріндегі аймақтарда сатылымда бар.
«Қазіргі таңда айына шамамен 50-60 мыңдай өз өнімімізді дайындаймыз. Оның ішінде фито, премиум, бухара сияқты шайларымыз бен хлорелла бар. Осының барлығы Қазақстандағы 15 қалада орналасқан арнайы дүкендерімізде сатылады. Алдағы уақытта тағы бір сауда нүктесін Қаскелеңде ашу жоспарда бар», – деді Дархан Жексенбайұлы.
Компания басшысы сөз еткен хлорелла жайлы айтар болсақ, оның құрамында денсаулыққа қажетті қоспалардың бәрі бар. Дәрумендер, минералды заттар, аминқышқылдары, май қышқылдары – осының барлығы бір құтының ішінде. Өнім ұсынушы ретінде серіктестіктің мәліметіне сүйенсек, егер тірі хлорелланы күн сайын қолданса, ағза тіріліп, жасушалар жаңарады. Ал тірі хлорелла детокс қасиетке ие, клетчаткаға бай, құрамында бета каротин мен «А» дәрумені, магний мен кальций және фолий қышқылы өте мол.
«SAAD» компаниясының негізгі миссиясы – отандық, табиғи, таза өнімді шетелге шығару. Сондай-ақ Қазақстанның атын әлемге таныту арқылы нарықтық бәсекеде бренд қалыптастыру.
Мақсат айқын бар жерде межелі міндет жемісін береді деген ойдамыз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.