Ақпарат ағыны дамыған қазіргі заманда мемлекеттің тілдің тынысын кеңейтіп, сөздің салмағын арттыру маңызды болып табылады. Сондықтан цифрлық кеңестікте сөздің құндылығын жоғалтпау, оны дамыта түсу елдік мәселемен бірдей деуге болады. Ал бұл мақсатта түрлі деңгейде бастамалар қолға алынып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бірі айқын дәлелі – «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» деп аталатын жоба. Оның аясында жақында Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Қарасай аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданда облыстық шара өтті. Мәдени әрі тағылымды тақырыпты кеңінен талқылау үшін Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаева бастаған тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері және әр ауданның идеологиясына жауапты аудан әкімінің орынбасарлары арнайы түрде Қарасай жеріне табан тіреді.
Құрметті меймандарды аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек қарсы алды. Одан кейін барлығы алдымен Қаскелең қаласындағы «Келешек мектебіне» және «QBIS» білім ошағына арнайы ат басын бұрып, қос мекеменің бүгінгі әлеуетімен, жетістіктерімен және мемлекеттік тіл саясатын дамытуға арналған, жасандық интеллектке негізделген жобалармен жақынырақ танысты.
Ал аудандық Мәдениет үйінде «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде» тақырыбы ауқымды шараға ұласып, кеңінен талқыланды. Мекеменің фойесінде аудандық кітапхананың, музейдің көрмелері ұйымдастырылып, онда цифрлық жүйеде жұмыс істейтін жобалар таныстырылды.
Концерттік бағдарламаға келер болсақ, сахна шымылдығы тас дәуірінен бүгінгі технология қарыштап дамыған заманға дейінгі кезең көрініс арқылы сипат алды. Одан кейін аталған шарада Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы сөз сөйлеп, бұл басқосудың негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, сөз мәдениетін дәріптеу және цифрлық кеңістікте қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту екенін атап өтті. Сонымен қатар интернет дамыған заманда түрлі платформа қоғамда пікір қалыптастыруға ықпал еткенімен, сөз құндылығы мен мәдениеті әрдайым биік болатыны жайлы сөз қозғады.
– Қазіргі кезең – технология қарыштап дамыған, ақпарат алмасу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен уақыт. Интернет, әлеуметтік желілер мен түрлі цифрлық платформалар қоғамдағы пікір қалыптастырудың негізгі құралына айналғанын, сөздің құндылығы, оның жауапкершілігі мен мәдениеті бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Өйткені сөз – тек ақпарат жеткізудің құралы емес. Сөз – ұлттың жаны, халықтың рухани айнасы, – деді Салтанат Беспаева.
Осындай орамды ойлардан кейін Салтанат Дауысбекқызы сахна төрінде бірқатар тіл жанашырларының еңбектерін атап өтіп, «Тілдарын», «Тіл тазалығының тірегі», «Мемлекеттік тіл – бизнесте», «Мемлекеттік тіл – мерейім», «Сауатты жарнама – сапалы қызмет», «Жаңа дәуір үні», «Тілге қызмет – елге қызмет», «Құжат шебері – тіл зергері» атты номинация иегерлерін құттықтап, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың атынан Дипломдар табыс етті.
Сонымен қатар дәл осы маңызды кеште талай жыл руханиятқа қызмет еткен белгілі ақын, марқұм Серік Қалиевтің «Мақал-мәтел мағыналары» атты кітаптың тұсаукесері болды. Бұл рәсімге Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қарасай ауданы әкімінің аппарат басшысы Данияр Мантаев және ақынның жары Пернегүл Сабырбекқызы қатысып, көпшілікке кітапты таныстырды.
Мақал-мәтел демекші, сөз құндылығы дәріптелген осы шарада «Мақал – сөздің маржаны» атты байқау ұйымдастырылды. Оған іріктеуден кезеңінен өткен 10 оқушы қатысып, екі топта бақтарын сынады. Ал үздіктер финалдық сайыста ой жүйріктерін көрсетуге тырысты. Айтпақшы, бұл жарысты кезінде осы жобаның авторы атанған, танымал ақын Серік Қалиевтің ұлы Әбдірахман Серіктің өз жүргізіп, әке жолын жалғап жүрген атұстар екенін дәлелдеді. Байқау соңында жарысқа қатысқандардың алтауына Қарасай ауданы әкімінің атынан Алғыс хаттар берілді. Ал төртеуіне жеңімпаз ретінде, атап айтқанда ІІІ орын алған Әсия Әділбекке 30 мың, ІІ орынның иесі Балым Жантаеваға 50 мың, І орынға лайық деп танылған Асыл Өтепбергенге 70 мың, бас жүлдені жеңген Хамза Серікке 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді. Барлық марапат иелерін аудан әкімі аппаратының басшысы Данияр Мантаев құттықтады.
Ал кештің соңы «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері шырқаған «Ана тілі» әнімен түйінделді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
