Біз кейде өнер адамдары жайлы жазғанда көбінесе әнші, күйші, биші, әртіс атаулысын тақырыбымызға тұздық етіп жатамыз. Алайда кез келген концерттік немесе мерекелік кеш басталмас бұрын алдымен жалпақ жұрттың алдына шығып амандасып, ең алғаш халықтың қошеметіне ие болатын жүргізушілерді ұмытып кететініміз бар. Олар да өнер деген өлкенің өкілі екенін білгеніміз жөн. Себебі сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап жағымды дауысымен қалың көпшілікті өзіне қаратып, шаршы топтың көңілін аулайтын дәл осы сөз шеберлерінің еңбегі ерекше.
Міне, осындай қалтқысыз қызметті атқарып жүрген, Қарасай халқына жылы жүзімен де, қоңыр үнімен де таныс болған Медет Рысбекті айрықша атап өтуге болады. 23 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнін ескере отырып, өнер иесі жайлы қалам тербеуді жөн санадық.
Медет Рысбек Алматының тумасы болғанымен, өзіне жарасымды мінезі, адами болмысы, сөз саптауы шырайлы Шығыс жерінің сипатына тән. Өйткені әкесі аталған қасиетті өлкенің перзенті еді. Анығын айтқанда, Медеттің марқұм асқар тауы – Жанатбек Қожаев қазіргі Абай облысының Ақсуат ауданына қарасты Көкжыра деген елді мекенде туып өскен. Ал анасы Мейрамгүл Шәбденқызы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келген.
Жанатбек аға мен Мейрамгүл әпкемізді табыстырған ару қала – Алматы. Екеуі де кезінде осы шаһардағы «Вагон жөндеу» зауытында еңбек етіп, үлкен өмірге қадам басқан. Олардың өмірінде көтерген шаңырағын алғаш шаттыққа бөлеген, мерейін тасытқан Мөлдір есімді қыз өмірге келді. Одан кейін үйдің ортаншысы, Жанатбек Рысбекұлының алғаш атұстары, 1993 жылы біз сөз етіп отырған Медет өмір есігін ашты. Ал оның ізінен еріп Мәди атты перзент осы отбасының кенжесіне айналды.
Өмір болған соң қуанышы мен қайғысы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретіні анық. Тағдыр талқыға түскенде пенденің қауқарсыз болып, көңілі құлазитыны тағы бар. Осындай есте еріксіз сақталатын, жан жүрегінді жабырқататын сәттер Қожаевтар әулетінен айналып кетпеді. Медет 9 жасында асқар тау әкесінен айырылды. Ал анасы Мейрамгүл Қожаева арқасүйер азаматынан көз жазып қалды. Алайда отанасы қорғансыздың күйін кешуді мүлдем ойламады. Әке орнына әке болып, үш баласын аяққа тұрғызу үшін арланбай түрлі еңбекке араласты.
Әкесінің қазасы Медетке оңай соқпады. Ата-ананың аялы алақанында өскен бала өзін бір қанатынан айырылған құстай сезініп, тұрмыс-тіршіліктің тәтті дәмін сезіну қиын екенін түсінді. Ол анасына қолғабыс болу үшін оқушы кезінен ерте еңбек етуді үйренді. Өмірінің осы бір кезеңдерін Медет әлі есінен шығарған емес. Күрсініспен еске алғанымен, бүгінгі күнге жетуі сол кездегі сынаққа сынбай, шүкіршілік етуінің арқасы деп біледі.
«Әкемнің өмірден өткені, әсіресе анамның жанына қатты батты. Түн ішінде көз жасын бізден жасырып, жылап алатынын байқайтынмын. Сондай кезде қалайда ақша тауып, анама көмектесуді ойлаушы едім. Сөйтіп, жүріп үйдің маңайындағы «Саудакент» базарын жағалап, сатушылардан жұмыс сұраудан арланбадым. Күндердің бір күнінде бір ер адам мені шақырып алып, бір-екі теңгелік көп тиын берді. Басында жұмыс ұсынып тұрған шығар деп ойлап едім, сөйтсем, мені қайыр тілеп жүрген балаға ұқсатыпты. Оның бұл әрекетіне намыстанып, қайыршы емес екенімді айтып, берген тиындарын шашып жібердім», – деп Медет жұмыс іздеген сәттерін еске алды.
Бұл оның алғаш еңбек етуге ниеттенген кезі болатын. Одан кейін ол 5 сыныптан бастап Алматының «Көк» базарында DVD дисктерін сатумен айналысқан. Жасөспірімнің сауда-саттыққа араласуы заңға қайшы болғандықтан, талай рет полиция қызметкерлерінен жасырынған кездері де болған.
Медет, тіпті еден жууға да намыстанбаған. 5-6 сынып оқып жүргенде үйдің жанындағы «требуется техничка» деген жазуды оқып, сол жердің қожайынымен келісіп, бірінші қабаттан бесіншіге дейін еденнің бәрін жуып шыққан. Сондағы бар ойы – адал ақша табу. Алайда оның бұл еңбегі қожайын тарапынан 200 теңгеге ғана бағаланған. Әлгі жұмыс істеткен адам Медеттің басынан сипап, оқушы екенін ескертіп, алдап шығарып салғандай болыпты. Сонымен қатар ол уақыт өте келе «Маловодное» деп аталатын нағашыларының ауылында алма теріп, соны да кәсіпке айналдырды.
Медет Рысбектің оқушы кезеңі екі мектеп қабырғасында өткен. Ол алдымен Алматының №66 білім ошағында алғаш әріп танып, осы жерде 7 сыныпқа дейін білім алды. Ал №58 мектепте 9 сыныпқа дейін оқып, 2009 жылы Т.Жүргенов атындағы колледждің «актер шеберлігі» мамандығына оқуға түсті. Әртіс болуды армандаған Медет, тіпті алғашқы рөлін оқушы кезінен бастаған. 2007 жылы 7 сыныпта оқып жүргенде белгілі режиссер Еркін Рақышевтің «Менің де атым Қожа» атты фильміне түсіп, бұрын Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым Қожа» киносындағы Жантас рөлін өз есімімен сомдап шықты. Оның осы бір актерлік қыры сол кездері 2000 теңгелік гонорар болған.
Бүгінде ол өзінің осы табысын күліп еске алғанымен, өнер жолына деген алғаш баспалдақ болғанын жақсы түсінеді.
Медет 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы колледжді сәтті аяқтаған. Осы бағыттағы білімін жетілдіру үшін аталмыш оқу ордасының Өнер академиясына грантқа түсіп тұрса да, оны оқудан бас тартқан. Өйткені әпкесі студент, інісі оқушы екенін ойлап, анасына салмақ салмайын деп, өз бетінше табыс табуды мақсат еткен. Сөйтіп, ол алғаш еңбек жолын 2012 жылы Алматының Оқушылар сарайында бастаған. Осында екі жыл сахна тілінде сабақ беріп, концерттік бағдарламаларда жүргізуші ретінде қызмет атқарған. Дәл осы уақыттарда Медет өзінің дарынын той басқару жағынан сынап көріп, 2013 жылы халық қазынасының ортасынан табылды.
2014 жылы Медет өзінің жұмыс орнын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне ауыстырды. Мұнда нәзік жандылардың жастар саясатына жауапты болды. Аталмыш оқу ордасында жүріп-ақ өзінің талантымен талай мерекелік кештерге жетекшілік етіп, көшбасшылық қырын жан-жақты дамыта білді. Ал 2018 жылы Қарасай ауданының мәдениеті пен өнерінің тыныс-тіршілігіне араласты. Атап айтқанда, аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Үшқоңыр» фальклорлы-этнографиялық ансамблінің мүшесі атанып, осы ұжымның жүргізуші, яғни кәсіби терминмен айтқанда конферансье болып жұмысқа орналасты. Мінезімен ортасына сыйлы, әріптестерімен бірлігі жарасқан Медет Жанатбекұлы бүгінгі күнге дейін аталмыш ансамбльде жемісті еңбек етіп келеді. Оның қоңыр дауысы, салмақты сөзі, анда-санда аңдып айтатын қағытпа-қалжыңы түрлі мерекелік, кәсіби, ресми кештердің сәнін келтіріп келеді. Әсіресе, оның жылы жүзді бейнесі аудандық Мәдениет үйіне жиі келетін көрермендердің жадында жақсы сақталған.
Медеттің отбасылық өміріне келер болсақ, ол студенттік шақта кездестірген Назым есімді қызбен 2015 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде екеуі Әмина, Хамза, Мейіржан атты балаларына өнегелі ата-ана атанып отырған жайы бар. Ал анасы Мейрамгүл әпкеміз келіні Назымды қызындай көріп, немерелерінің қызығын көріп отыр.
Медеттің әпкесі Мөлдір – бір әулеттің түтінін түтетіп отырған сүйікті келін. Өмірлік жарымен жұбы жарасып, көп балалы ана ретінде бақытқа бөленуде. Әулеттің кенжесі Мәди болса, өз шаңырағының шырайын келтіріп, қылықты қызына әке атанып, орнықты отбасыға ие болып отырған азаматтың бірі.
Бір әке мен шешеден тараған ағайындылар той-томалақта басы қосылып, бір-бірінің қуаныштарын бөлісуден қалыс қалған емес. Олар әкеден ерте айырылғанымен, Мейрамгүлдей ананың аялы алақында өсіп, өмір өткеліндегі сын сағаттарды бірге еңсерді. Десе де Медеттің жадында балалық дәурені емес, ерте есейткен тұрмыс тауқыметі мәңгі сақталған. Сол үшін қазір өз перзенттерінің алаңсыз өмір кешуіне қатты көңіл бөледі. Оның айтуынша, баланың балалық кезеңі ұрланбауы керек.
«Менің әкеден ерте айырылғаным бұл өмірде талай нәрсені ұқтырды. Бүгінде кейбір адамдар 30-40 жасқа келіп, асқар тауларын жоқтап, жауапкершілікті сезінуге жүрексініп жатқанда, өзім соларға қарап шүкіршілігімді арттырамын. Біз ондай міндетті 9 жасымызда арқалаппыз ғой! Сондықтан менің бала кездегі өмірімді өз балаларым көрмесе екен деймін. Олардың бақытты ғұмыр кешуін, өз жастарына лайықты асыр салып ойнауын қалаймын. Баланың балалығы ұрланбауы керек. Біздің өмірімізді кейбірі түсінбеуі мүмкін. Бірақ, бір айтатыным, әкесі бар бала – әкесі жоқ баладан мың есе бақытты», – деп кейіпкеріміз өз ойымен бөлісті.
Медеттің бүгінде азамат болып қалыптасуына бірден-бір ықпал еткен адам болса, әрине, ол – анасы. Сондықтан тіршілік нәрін сыйлаған жанға алғыстан басқа айтары жоқ. Ақжаулықты аяулы анасының үмітін ақтауды перзенттік парызы екені айтпасақ та белгілі. Сондай-ақ Медет өнер жолында білім нәрімен сусындатқан колледждегі тәлімгерлері, оның ішінде марқұм Асқар Наймантаев, Есім Жүкенұлы, кураторлары – Гүлвира Саймасаева мен Гүлбану Байзаққызы сынды ұстаздардың еңбегін ерекше бағалайды.
Қарғыс алдырмай, алғысқа бөленуді жөн санайтын Медет Рысбектің өмірдегі басты мақсаты – адам болып қалу. Ал мансап жолындағы миссиясы – өзін келешекте кәсіп саласында сынап көру. Қазіргі қосымша табысына айналған, елдің қуанышына ортақтасатын асабалық өнерін де келешекте қойсам деген ойы бар. Ал кәсіби қызметіне айналған жүргізушілікті өз деңгейінде жетер шегіне дейін атқара бермек.
Ел алғысын арқалаған Медеттің алдағы өміріне тек жақсылық тілейміз! Өнер деген өлкеде абырой биігінен түспей, отбасының ортасында, жақындарының жанарында қадір-қасиеті арта берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.