Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауда ұстап келеді. Әр округтегі шағын көшелерден бастап, ғимараттарда жүріп жатқан құрылыс барысын да қадағалауда. Осы аптада аудан басшысы Қаскелеңдегі Қ.Сәтпаев атындағы және Жібек жолы ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептерге арнайы барды.
Жасұлан Тоққожаұлы алдымен аудан орталығындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте жүріп жатқан күрделі жөндеудің бүгінгі жағдайымен танысты. Аудан әкімі құрылысқа жауапты мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, біткен істің кейбір олқылықтарына қатысты сын айтты. Жұмыс нәтижесі сапалы болу керектігін ескертіп, күрделі жөндеуді жеделдетуді тапсырды. Өйткені маусым айында басталған істің аяқталуы бойынша мерзімінде кешігу байқалуда. Сондықтан аудан басшысы компанияға тиісті талап қойып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды. Ал мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, білім мекемесінің күрделі жөндеуі оқу жылының ІІ тоқсанының соңында аяқталып, пайдалануға берілмек.
Естеріңізге сала кетейік, Қаскелеңдегі Сәтбаев мектебі 1985 жылы қаланған болса, бұл білім ошағында сол уақыттан бері ешқандай қайта жаңғырту жұмыстары болмаған. Биыл маусым айында «СП «NEFT» ЖШС күрделі жөндеуді бастады. Қазіргі таңда ғимарат алаңының абаттандырылуы бітуге жақын. Тек ішкі жұмыстарына күш жұмсау ғана қалып тұр.
Қаскелеңдегі мектепті аралаған соң аудан әкімі Жасұлан Естенов Жібек жолы ауылына барды. Аталған елді мекендегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепке келіп, қазан айында қолданысқа берілген мұндағы 600 оқушыға арналған жапсаржайдың жағдайымен танысты. Жаңа қосымша ғимараттың асханасын, спорт және акт залдарын, бірнеше кабинеттерін аралап, жылу жүйесін тексерді.
Жібек жолы ауылындағы бұл мектеп 2003 жылы қолданысқа берілгенде 1200 оқушыға арналған. Алайда бала санының жылдан-жылға артуымен аталған білім ошағындағы оқушылар үшауысымда оқуға мәжбүр болды. Бұл мәселені оңды шешу үшін жапсаржай салыну көзделіп, 2021 жылы «Еламан» ЖШС-і мектепке іргелес қосымша ғимарат салуды бастап кетті. Оны осы айда аяқтап, толығымен өткізді. Жаңа нысан барлық талапқа сай, заманауи жоба бойынша салынған және инновациялық технологиялармен жабдықталған. Әрбір оқу бөлмесі кең әрі жарық. Айта кетейік, бұл мектепке 2021 жылдың наурыз айында Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.