Іргетасы сонау 1985 жылы қаланған Қаскелеңдегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінде күрделі жөндеу аяқталды. Мұндағы құрылыс жұмыстары өткен жылдың оқу жылы аяқтала салысымен басталған болатын. Енді, міне 7 айдан соң білім ошағы толықтай қолданысқа берілді. Мектептің сапасын бақылау үшін өткен аптада аудан әкімі Жасұлан Естенов ғимараттың жай-күйімен танысты.
Аудан басшысы білім мекемесінде жөндеу жұмыстары басталғалы бірнеше рет келгені белгілі. Нысанды өз қадағалауына алып, мердігер мекеменің жұмысын талай сынаған. Осы жолы Жасұлан Тоққожаұлы мектептің жағдайын тағы бір рет қарап, кейбір олқылыққа қатысты ескерту айтты. Аудан әкімі осы жолы құрылысқа жауапты компанияның екі жылдық кепілдігін ескеріп, ғимараттың кемшін тұстары анықталған жағдайда оларға бірден ретке келтіріп беретіндерін естеріне салды.
Білім ошағында жөндеу жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталғаны белгілі. Мектеп қайта жаңғыртылып, оқу жылының ІІІ тоқсанында пайдалануға берілді.
Айта кету керек, 40 жылдық тарихы бар ғимаратта күні бүгінге дейін ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 2,62 га аумақта орналасқан мекеменің жалпы ауданы 6809 шаршы метрді құрайды. Мектеп 1200 оқушыға арналған.
Білім мекемесінің күрделі жөндеуіне «СП NEFT» ЖШС деп аталатын компания жауапты болды. Мердігер мекеменің басшысы Нұрлан Қадірбековтің сөзіне сүйенсек, жұмыс 100%-ға аяқталған. Десе де ауа райының суытуына байланысты мектептің айналасында аяқталмай қалған аздаған жұмыстар бар. Олардың барлығы көктем кезінде аяқталмақ.
Күрделі жөндеуден кейін мектептің сырты да, іші де толық өзгерген. Алдына қырлы тастар төселіп, айналасы абаттандырылған. Жаңа футбол және ойын алаңдары салынған. Жылу жүйесі реттелген. Бұрынғы ағаш терезелерінің орнына пластикалық түрі орнатылып, ескі шатыры жаңартылды.
Айта кетейік, бұл білім ошағының күрделі жөндеуі аяқталғанша Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің оқушылары өз ұстаздарынан Қаскелеңдегі «Қарлығаш» ықшам ауданының маңында салынған мектеп-гимназияның бірінші блогында уақытша білім алды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.