Іргетасы 85 жылдары қаланған Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп биыл алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Тозығы жеткен ғимарат алдағы уақытта жаңаша үлгіде жаңғыртылмақ. Құрылыс барысына көз жеткізу үшін білім ошағына баруды жөн санап, мердігер мекеменің өкілімен тілдестік. Көкейде жүрген сауалдарға жауап алып, жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын да білдік.
40 жылға жуық тарихы бар ғимараттың күрделі жөндеуімен «СП» NEFT» ЖШС айналысуда. Құрылыстың қазіргі қарқыны жайлы аталмыш мердігер мекеменің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Орақбай Әлмұханов түсіндірді. Айтуынша, нысанда 70 адам жұмыс істеуде. Қазіргі таңда шатыры ауыстырылып, пластикалық жаңа терезелер орнатылуда. Айналасын абаттандыру жағы да жақында қолға алынбақ.
– Біз жөндеу жұмыстарын маусым айында бастағанбыз. Бәрі ойдағыдай, жоспарға сай жүзеге асырылуда. Қазан айының соңына дейін бітіріп, өткіземіз деген ойымыз бар. Осы мерзімде аяқтау үшін құрылыс қарқынын тоқтатпайыз. Керек болса жұмысшылар санын көбейтеміз. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Біздің компания осы уақытқа дейін басқа да ғимараттардың құрылысымен айналысқан. Оның барлығын мерзімінен кешіктірген емеспіз, – дейді құрылысқа жауапты мердігер мекеменің өкілі О.Әлмұханов.
1200 оқушыға арналған бұл мек-тептің бүгінгі жағдайы осындай.
Айта кетейік, бұл білім ошағының құрылысы аяқталғанша Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің оқушылары өз ұстаздарынан Қаскелеңдегі «Қарлығаш» ықшам ауданында бой көтерген мектеп-гимназияның бірінші блогында уақытша білім алады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.